Аймақтар • 28 Қараша, 2019

Өскеменде 20 жасқа баспана кілті берілді

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сандуғаш Қасенова 8 жасынан 18 жасқа дейін Балалар үйінде тәрбиеленсе, соңғы жылдары Аналар үйін паналапты.

Өскеменде 20 жасқа баспана кілті берілді

Тұңғыш Президент мерекесі қарсаңында Өскеменде үй кезегінде тұрған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 20 жасқа баспана кілттері табыс етілді. Салтанатты шараға облыс әкімі  Даниал Ахметов пен қала басшысы Жақсылық Омар қатысып, жиырма отбасының қуаныштарына ортақтасып, жылы лебіздерін жеткізді.

үй

«Баспана – бақыттың бастауы. Баршаңызды құттықтаймын. Жақын уақытта 600 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Оның екеуі, яғни, 110 пәтер көп балалы отбасыларына, жетім балалар мен өзге де санаттағы әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдеріне беріледі. Жалпы, өңірде тұрғындардың барлық санатын сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 443 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. 19 үй қолданысқа берілді» деді аймақ басшысы.

 сандуғаш

«Өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізген жандардың бірі Сандуғаш Қасенова 8 жасынан 18 жасқа дейін Балалар үйінде тәрбиеленсе, соңғы жылдары Аналар үйін паналапты. «Тағдырдың басқа салғанына біз кінәлі емес шығармыз?! Шынымды айтсам, 24 жасымда баспаналы боламын деп ойламаппын. «Үміт» балалар үйіне, Аналар үйіне рахмет. Баршаңызға алғыс білдіремін» деп көзіне жас алды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, өңірде көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында кешенді бағдарлама іске асырылуда. Ағымдағы жылы көп балалы отбасылар санатынан кезекте тұрған 388 отбасы жеке тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті.  

ӨСКЕМЕН

 

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ