Аймақтар • 28 Қараша, 2019

Барқытбел баурайындағы күй кеші

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл тек домбыра сөйлеген думан, домбыра күмбірлеген концерт, қазақтың баласы домбырасын ұлық көрген мерекелі күн болды.

Барқытбел баурайындағы күй кеші

Жуықта Өскемендегі Ағайынды Абдуллиндер атындағы музыка училищесінің мұғалімі, «Бәйжігіт» ұлт аспаптар оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі Шалқар Рысханұлының бастауымен домбыраның құлағында ойнайтын сайдың тасындай жігіттерден құралған «Жігер» домбырашылар ансамблінің тегін концерті Күршім, Зайсан, Ақжар, Ақсуатта өтіп, ауыл халқының құлағының құрышын қандырды. Сапар  мақсаты - биылғы Жастар жылында ауыл жастарының көңілін серпілту, ұлттық құндылығымыз домбыраны, күйлерді насихаттау.

Әлбетте, домбыра біздің заңды жазмышымыз, лайық­ты мерейіміз екеніне сөз бар ма?! Облыс орталығында жүздеген қазақ жастарын домбыраға тәрбиелеп қана қоймай, қазақтың мінезін, ерлігі мен өрлігін, сабыры мен ақылын жас өрендерге дарытып жүрген Шалқардың ұстаз ретіндегі өрелі азаматтық ісі сүйсіндірді. Концертте «Жігер» ансамбліне шығармашылық табыс тілеп, аудан әкімі С.Сәдуақасовтың атынан Алғыс хат тапсырылды. 

«Байтақ елдің бай мұрасы» атты концертте ансамбль ұлтымыздың қастерлі аспабы домбыраның құдіретін көрсетті. Шыңғыс қағандай қаһарлы ханның өзіне  Қаратаудай қайғыны, жан жүректегі сырды қоңыр домбыраның сырлы күйімен айтқан, тәңірім, дом­быраға әу бастан-ақ қазақтың тілі болу­ды, қазақтың үні болуды еншілеп сый­лаған екен. Бұл домбыра күйлері кешінде ән айтылған жоқ, даңғара музыка естілген жоқ.  

Қ.Ахмедияровтың «Қосбасарымен» басталған күй думаны «Қуаныш», «Ақмешіт», «Күткенде», Е.Үсеновтың «Кербез сұлу», Т.Тоғжанның «Желдірмесі» мен «Көшпенділері», Ә.Желдібаевтың «Еркесылқымымен» жалғасып, Құрманғазының «Серперімен» аяқталды.  Күні кеше Мұхтар Әуезовтің «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп күңіренуін еске алсақ, түсінген кісіге домбыра ата тарихымызды, елдігімізбен мен береке-бірлікті, ұлттық мерейімізбен мәртебелі мемлекеттігімізді сақтауды аманаттап кеткендей әсер қалдырады.

Шәкен Көпшікбаева

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы