Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan» – Бішкектен (Қырғызстан)
Содан кейін делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөздер жалғасты. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасты. ҰҚШҰ-ның 2019 жылғы басым бағыттарының іске асырылуын қорытындылап, алдағы жоспарын анықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесуде қатысушы мемлекеттер басшыларына Қазақстанның ҰҚШҰ форматындағы өзара іс-қимылдардың өзекті мәселелері жөніндегі ұстанымын жеткізді.
– Біз ҰҚШҰ аясындағы саяси ынтымақтастықты дамытуға, Ұйымның әскери-күштік әлеуетін нығайтуға және заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимылдар жасауға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Халықаралық қауіпсіздік саласындағы саяси диалогты күшейту қажеттігін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кіндігінде орналасқан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі ҰҚШҰ-ның атқаратын жауапкершілігіне назар аударды. Оның пікірінше, Ұйым Еуропа мен Азияны қауіпсіздіктің бірыңғай Еуразиялық платформасында байланыстыра отырып, өз позициясын қазіргіден де нығайта алатыны жөнінде пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндетті қарастыру керек екенін айтты. Атап айтқанда, ҰҚШҰ-ның халықаралық беделін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.
– Біз ешкімге қарсы шықпаймыз, керісінше, өзара тиімді диалогқа дайынбыз. Бұл ұстанымды ілгерілету маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің НАТО-дағы әріптестеріне биылғы мамыр айында жолдаған Ашық үндеуінің маңыздылығын атап өтіп, оның өзара сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ жанындағы Серіктес және Бақылаушы институттарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Институттарды құру туралы шешім былтыр Қазақстан астанасында қабылданған болатын. Президенттің пікірінше, бұл институттар жұмыстарының алғашқы нәтижелері де айтарлықтай.
Президент ҰҚШҰ аясындағы сараптамалық-диалогтық инфрақұрылымды кеңейтуге шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің алдағы сессияларының бірінде министрлер, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары, ірі сарапшылар мен шетелдік қонақтар деңгейінде халықаралық конференция ұйымдастыру туралы ойланған жөн.
Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясын мысалға келтірді. Оның пікірінше, бұл жиын бастапқыда НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс ведомстволары өкілдерінің бейресми кездесуі ретінде ұйымдастырылған еді. Бүгінгі таңда ол Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты проблемаларды талқылайтын беделді форумға айналды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағындағы, соның ішінде Ауғанстандағы терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері туралы айтты.
– Бүгінде ресми билік ел аумағының жартысынан астамын ғана бақылайды. Онда халықтың 65 пайызы тұрады. Ауғанстанның қалған аймақтары террористік ұйымдардың қолында. Оңтүстіктен төнетін осындай қауіптің бар екенін ескере отырып, ҰҚШҰ халықаралық терроризм мен басқа да қатерлерге қарсы күресу үшін қарулы күштер мен құралдарды сақадай-сай ұстауы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Саммит қатысушыларына «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясының нәтижесі туралы айтып, осы шара барысында Қазақстан мен Сирияның салалық органдары 595 азаматты, соның ішінде 400-ден астам баланы қақтығыс аймағынан алып шыққанын жеткізді. Президент жуырда ғана Ирактан бір топ баланың құтқарылғанын хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз есірткі айналымымен күрес, ақпараттық және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударды.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен қырғыз тарапының жетістіктері үшін Сооронбай Жээнбековке ризашылық білдіріп, Ұйым төрағалығын қабылдап алған ресейлік әріптестерін құттықтады.
Қырғыз Республикасының басшысы Сооронбай Жээнбеков ҰҚШҰ сессиясының күн тәртібіндегі барлық мәселеге қатысты толық түсіністікке қол жеткізілгенін айтты.
– Біз сындарлы және сенімгерлік тұрғыда күн тәртібіндегі тақырыптардың кең ауқымын талқыладық. Өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты өзекті проблемалар бойынша ашық талқылау жүргіздік. Күн тәртібіндегі барлық мәселелерге қатысты толықтай өзара түсіністікке қол жеткізілді. Сонымен қатар сессияаралық кезеңдегі ұйым қызметінің негізгі қорытындыларын да талқыладық. Қауіпсіздіктің заманауи сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы әрекет ету бойынша шаралар қабылданды. 2020 жылы атқарылатын жұмыстың өзекті бағыттары айқындалды. Ұйымға төрағалық жасаған Қырғыз Республикасының басшысы ретінде мен ҰҚШҰ-ның халықаралық беделін көтеру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілгенін атап өткім келеді, – деді ол. Сооронбай Жээнбеков айтып өткендей, Қырғызстанның төрағалығы тұсында ҰҚШҰ дағдарысты ахуалға қатысты іс-қимыл жасау орталығын құқықтық рәсімдеу аяқталып, әскери, әскери-экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастық саласында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша нақты қадамдар жасалды. Атап айтқанда, ауқымды оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Соның нәтижесінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштері өзара іс-қимылдарды үйлесімді жүргізуге қол жеткізді, қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы артты.
Саммит барысында ҰҚШҰ Бас хатшысы Валерий Семериков бұқаралық ақпарат құралдарына сессия жұмысының қорытындысы туралы баяндады.
– Былтыр Нұр-Сұлтанда өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында жүзеге асырылуға тиісті шешімдер қабылданған болатын. Мен бірінші кезекте Қырғыз Республикасының басшылығына және Қырғызстан президентіне, осы сессияаралық кезеңнің жұмысына жұмылдырылған барлық министрліктер мен ведомстволардың басшылығына алғыс білдіремін. Ұйымға төрағалық еткен кезеңде алға қойылған басымдықтар толықтай орындалды. Бұл басымдықтар ҰҚШҰ-ны көптеген бағыт бойынша ілгерілетуде өте маңызды деп санаймын,– деді Валерий Семериков.
Оның айтуынша, сессия барысында мемлекеттердің басшылары бүкіл әлемде және Ұйымның жауапкершілігіне жататын аймақта қалыптасқан әскери ахуалды жан-жақты талқылады. Әскери ахуалды талқылау мен соның негізінде жасалған қорытынды бойынша бірқатар бағытта жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда, ҰҚШҰ елдерінің түрлі мәселелерде, бірінші кезекте терроризмге және экстремизмге қарсы күрес мәселесінде сыртқы саясаттағы іс-қимылды және халықаралық ұйымдармен жұмысты үйлестіру, олармен тығыз өзара іс-қимыл орнату мәселелері назарға алынды.
Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық іс-қимылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы саяси мәлімдеме қабылдады.
Бішкекте қабылданған құжаттар ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Құжаттар Ұйымның ашықтығын және оның өзге елдермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын кеңейтуге бейілдігін көрсетеді.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша 17 құжатқа, соның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы мәлімдемеге және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 14 шешіміне қол қойылды. Олар:
- «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі туралы Ережесіне өзгерістер енгізу туралы»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы органдары рәсімдерінің қағидаларына өзгерістер енгізу туралы»;
- «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің 2019-2021 жылдарға арналған ұжымдық іс-қимылдар жоспары туралы»;
- «Тәжік-ауған шекарасы маңындағы шиеленісті азайтуға бағытталған қосымша шаралардың тізбесі туралы»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс-өнеркәсіптік (әскери-өнеркәсіптік) кешендерінің кәсіпорындары мен ұйымдарының кооперациялық және интеграциялық байланыстарын дамыту саласындағы базалық ұйым туралы»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру әрі жүргізу тәртібі туралы ереже»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы іс-қимылдар жөніндегі тұрақты іс-әрекеттер операциялары туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы («ПРОКСИ» операциясы)»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қорғаныс министрлері кеңесі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2018 жылға арналған бюджетінің жұмсалуы жөніндегі есеп туралы»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2020 жылға арналған бюджеті туралы»;
- «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының наградаларымен марапаттау туралы»;
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік қеңесінің кезекті сессиясының өткізілу уақыты мен орны туралы», сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесі жұмыстарының мәселелеріне қатысты басқа да құжаттар.
Қазақстан үшін бұл ҰҚШҰ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі саналады. Еліміз Ұйымға мүше мемлекеттермен бірлесіп ұжымдық қауіпсіздіктің ықпалды жүйесін құруға атсалысып, халықаралық терроризм мен экстремизмге, есірткі және психотропты материалдардың, қару-жарақтың заңсыз айналымына, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, заңсыз көші-қонға және басқаларына қарсы күресте өзге де әріптестерімен күш біріктіріп келеді.