Парламент • 29 Қараша, 2019

Қоқыс экологиялық проблемаға айналды

2198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатында осы палатаның Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті ұйымдастырған «Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу» мәселелеріне арналған Үкімет сағаты өтті.

Қоқыс экологиялық проблемаға айналды

Отырысқа Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева, Сенат депутаттары, мем­лекеттік органдардың басшылары, Қара­ғанды облысының әкімі және басқа облыс әкімдерінің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ осы саладағы халықаралық және үкіметтік емес ұйым­дардың басшылары мен өкілдері, сарапшылар мен мамандар қатысты.

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады. Ол Қазақстанның «жасыл» экономи­каға көшуі жөніндегі тұжырымдама­сы аясында 2030 жылға қарай елдегі қалдықтарды өңдеу үлесі 40 пайыз­ға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жетуі тиіс екені туралы сенаторларды хабардар етті. Ол сондай-ақ электр энергиясын алу мақсатында қалдықтарды өртеуді және одан әрі жаңартылатын энергия көздерімен бірдей электр желілеріне беруді көздейтін «Waste to Energy» жобасын жүзеге асыру туралы айтты. «Бұл жоба қалдықтарды по­ли­гондарда көму көлемін еселеп қыс­­қар­туға ғана емес, сондай-ақ осы бағыт­­қа инвестиция тартуға мүмкіндік береді», деді министр.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өз сөзінде тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеу проблемасын шешуде жүйелі тәсіл қажеттігіне назар аударды.

Сенат басшысы экологиялық проблемаларды шешу үшін қатты тұрмыс­тық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет деп есептейді. «Бүгінде министрлік жаңа экологиялық кодекс бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Мемлекеттік бағдарламасыз, бағыт-бағдарсыз біз ертең Экология­лық кодексті қалай қабылдайтынымыз маған белгісіз болып отыр. Бізде қазірдің өзінде тұжырымдама бар, ол 2013 жылғы деңгейде қалған, алты жыл өтсе де әрі қарай қозғалыс жоқ. Осының бәрін Сізден қатаң сұрайтын боламыз, өйткені бұл мәселелерді одан әрі кейінге қалдыруға болмайды», деді Сенат басшысы министрге. 

Сенат Төрағасы бұл ретте полигондарда азық-түлік және құрылыс қалдықтарын көмуге тыйым салуға асықпау керек деп санайды. Салалық министрліктің деректері бойынша, мұндай тыйым 2020 жылдан бастап енгізіледі. «Ал оны қайда жіберетінімізді білгіміз келеді. Үкімет немесе заңдар қандай да бір балама болуы үшін не ұсына алады? Бұл мәселе әзірге толық пысықталмаған деп санаймын, сондық­тан оған тыйым салуға болмайды. Өйт­кені ертең адамдар жұмыс істеп жатқан поли­гондарды жазалау басталады. Бұл мән-мағынасыз мәселе болады», деді Дариға Назарбаева.

Д.Назарбаева Қазақстан аумағындағы радиоактивті қалдықтар мәселелеріне жеке тоқталды. Ол залалды қалдықтар азаматтардың денсаулығына зиян кел­тіріп жатқан кезде медициналық шығындардың мәнісі жоқтығын атап өтті: «Тұрмыстық қалдықтардан бас­қа, бізде 170 миллион текше метр ра­диоак­тивті қалдықтар жинақталып қал­ған. Ол жай ғана топырақ пен атмосфераны ластап қана қоймайды, баршаға өлім қаупін төндіреді».

Салалық комитет төрағасы Әли Бектаев Үкімет сағаты барысында елімізде қалдықтарды басқару жөніндегі, оның ішіне өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар бойынша мониторинг, қайта өңдеу және кәдеге жарату енетін жүйе жоқ екенін атап өтті. Бұл елдің орнықты дамуына кедергі келтіреді.

Шараға қатысушылар алдында өнер­кәсіп және өндіріс қалдықтарымен жұмыс істеу жөніндегі қауымдастықтың төрағасы Александр Рябинин, Қараған­ды қаласындағы «Горкомтранс» серік­тес­тігінің директоры Виктор Иванов, Қостанай облысындағы Лисаков қаласы­ның қатты тұрмыстық қалдықтар поли­гон­ын пайдаланушы «ИЛИН» компа­ния­­сының директоры Инна Аман, «Оператор РОП» серіктестігінің бас директоры Медет Құмарғалиев сөз сөйледі.

Сенат депутаттары Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды әзірледі.