Президент • 29 Қараша, 2019

Ұлт таңдауы жасалған күн

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1 желтоқсан – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті күні. 2011 жылы 10 желтоқсанда Парламент Сенатының отыры­сында «Қазақстан Республи­ка­сындағы мерекелер туралы» заңға толықтыру енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Нәтижесінде 2012 жылдан бастап бұл күн елімізде ресми мерекелердің қатарына енді.

Ұлт таңдауы жасалған күн

1 желтоқсанның Тұңғыш Прези­дент күні ретінде белгіленуі тегін емес еді. Жоғарыда аталған заң жобасын қабылдау барысында сол кездегі Сенат спикері Қайрат Мәми: «Тәуелсіздік­тің қайнар көзі 1991 жылы 1 желтоқсан­да еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің Тұңғыш Президентін сайлап алғаннан бас­талған болатын. Сондықтан да бүгін Қазақстан Республикасы өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған күн – мемлекеттік мереке күні болып бекітілді. Бұл шешім арқылы біз Елбасы Н.Назарбаевтың ұлы тұлға екеніне, көреген кемеңгер­лігі­не ғана тиісті баға беріп отырған жоқпыз. Осы шешім арқылы тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы президент институтының мәртебесіне және осыдан 20 жыл бұрынғы біздің халқымыздың президент институтының керектігін өзінің салиқалылығымен таңдағанына тиісті баға беріп отырмыз деп ойлаймын. Сондықтан да отандас­тарымыз осы шешімімізді, осы сыйды дұрыс қабылдайды деген сенімдемін», деп атап өткен-ді.

Халқымыз да 1 желтоқсанның маңызы зор екенін терең түсінеді. Өйткені бұл күні елдігін дәлелдеп Мемлекет басшысын таңдаған болатын.

Тұңғыш Президент күнін тойлау халықтың бірлігін нығайта түседі. Осы орайда Сенат депутаты Мұрат Бақтияр­ұлы: «2011 жылы Сенаттың бір топ депу­тат­ының ұсынуымен Тұңғыш Прези­дент күні ресми мереке ретінде бекітілді. Жалпы, Тұңғыш Президент күні әлемнің басқа мемлекеттерінде де тойланады. Бұл ел басқару лауазымын атқарған тұлғаға, Президент лауазымына, ұғымына деген құрмет. Халықты біріктіретін, елдікті еңселендірген тұлғаға деген көптің құрмет-қошеметінің көрінісі. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені тәуелсіз жаңа мемлекеттің негізін қалаған, еліміздің ішкі және сыртқы сая­сатын да қалыптастырған, еліміздің ше­карасын нықтап берген де Елбасы. Мемлекеттегі әртүрлі этностардың бір ша­ңырақ астында бейбіт өмір сүруі де Ел­басы саясатының жемісі. Сол себепті мұн­дай ерен еңбектің ескерілуі керек» дейді.

Президенттің жетістіктерін ұлықтау, құрмет көрсету әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс. Бұл дәстүрді әрі қарай сабақтастырған мемлекеттердің қатары аз емес.  Мәселен, АҚШ-та ақпан­ның үшінші дүйсенбісі – Президент күні. Бұл күні – мемлекетте демалыс. АҚШ-тың алғашқы президенті Джордж Вашингтонның туған күні 22 ақпан екені белгілі, алайда мерекені нақты бір дата­ға белгілемеуінің өзіндік себептері бар екен. АҚШ-тың 16-шы президенті Авраам Линкольннің туған күні 12 ақпан мем­лекеттің бірнеше штатында халық арасында мерекеге айналып кеткен. Сондықтан 1971 жылы Конгресі қос президенттің туған күнін ескеріп, ақ­пан айының үшінші дүйсенбісін федералды күші бар мереке ретінде белгілейді. Бұл тек екі президентті еске алумен шектелмей, барлық мемлекет басшыларын ұлықтау күніне айналған. Ақпандағы осы мерекеде АҚШ-тағы Вашингтон және басқа да қалаларда мерекелік шаралар ұйымдастырылып, фестивальдар өтеді. 

Мемлекет басшысына арнайы күн белгілеген елдердің тағы бірі – Оңтүстік Африкадағы Ботсвана мемлекеті. Бұл елде Президент күнін 2006 жылға дейін екі күн қатарынан тойлап келген. Шілденің алғашқы дүйсенбі және сейсенбісіне белгіленген мерекені 2006 жылы шілденің үшінші дүйсенбісіне ауыстырған. Бұл мерекеде тәуелсіз Ботсвананың бірінші президенті Серетсе Кхамадан бастап одан кейінгі мемлекет басшыларының да аттары ес­керіліп, құрметке бөленеді.

Ұлыбританияда 8 маусым­да Патшайымның туған күнін тойлайды. Елизаветаның Ұлы­бри­таниядан бөлек Ауст­ра­лия, Канада, Жаңа Зеландия, Соломон аралдары мен Ямайка сынды достастық елдерінің патшайымы екенін ескерсек, бұл күн басқа мемлекеттерде де ресми мереке.

Ал Исландия халқы 14 мамырда Президент күніне орай демалады. Осы күнді бірінші президенттің емес, мемлекеттің бесінші президенті Олавруа Рагнара Гримссонның туған күні­мен байланыстырады. 1966 жылы билік басына келген көшбасшының туған күнін­де мемлекетте тулар көтері­ліп, мерекелік кештер ұйымдас­тырылады. Анголада президент күнін Ұлттық қаһар­мандар күні деп атайды. Алайда айтулы мереке елдің алғашқы президенті Антонио Агостиньо Нетоның туған күніне белгілеген.

Ер есімі қашанда ел есінде еке­нін тарих та, бүгінгі мереке­лер де дәлелдеп келеді. Хал­қы­­ның қамын жеген асыл тұлға­лардың еңбегін еске алу, оларды құрметтеу – ел бірлігін нығайта түсудің жарқын жолы. «Біздің елімізде де осындай. 1 жел­тоқсан – Тұңғыш Президент күнін – Қазақстан халқының ын­ты­мағын ұйыстырған, бір­лігін бекемдеген мереке деп айтуға толық хақымыз бар.