23 Шілде, 2013

Алқабилер арасында да ала-құлалық баралық бар

317 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Артық қыламын деп, тыртық қылды», деген осындайда айтылса керек. Жақында Бәйдібек ауданында бір сотқа арызданушы мәселені тез шешудің төте жолын табамын деп басы дауға қалды. Ол істі өз пайдасына шешу үшін судьяға бара бермей, пара беруді жөн санапты. Тағы мәселесін судьяның зайыбы арқылы шешпек болғанын қайтерсіз?! Қай жерде, қандай қызмет атқаратынын алдын ала біліп алып, әйелдің кабинетіне кіріп барған да, аз-кем әңгімеге тартқаннан кейін әй-шайға қарамастан конвертін тастап кеткен көрінеді. Әйел құзырлы органдарға хабарласып, бөлменің есігі мөрленіп, кейінірек тексеру барысында шынында пара ретінде тастап кеткен 50 мың теңге табылған. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл арандатушылық оқиға соттарды қатты ойлантып тастағаны рас.

Шынында елдің құқықтық сауаты, санасы әлі де жетілмей жатқанын мойындауымыз қажет. Бұл бір жағы сот ісін шапшаң жүргізуге қолбайлау болуда. Бір істе 10 куәгер болса, соларды сотқа шақырып, сөздерін тыңдау қиямет тірлік. Сот болатын күні қолдары тимей қалады. Әйтеуір, «мені сотқа шақырды» деген жауапкершілікті, көрген-білгені істі нақтылау үшін ауадай қажет екенін сезіне бермейді. Ал іс созылған сайын «бұл судья бір нәрсе дәметіп жүр»­ деген әңгіменің шығатыны тағы­ бар. Биылғы жылдың 6 айын­да жергілікті соттарға 2473 қылмыстық іс түсіпті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тыр­ғанда 19,4 пайызға өскенін байқатады. Осыдан кейін қаралған іс­тердің саны 14,5 пайызға, үкім шы­ғарылған іс 23,2 пайызға артқан.

Жасыратыны жоқ, көпшіліктің түсінігінде сот тек соттаумен, жаза берумен ғана айналысатын сияқты. Бұл бір жақты түсінік. Жазықсыз жандарды ақтау жағынан Оңтүстік алғашқы орында. Биылғы жылдың 6 айында жергілікті соттармен қабылданған ақтау үкімдерінің саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 33,3 пайызға артып, 63 тұлға сот залынан ақталып шығыпты. Былтыр осындай кеңшілікті бастан кешіргендердің саны 23 екен. Сондай-ақ, өткен жылы 6 тұлғаны заңсыз соттау фактісі орын алғандығы өкінішті-ақ. Сондай-ақ, биыл 450 азаматтық іс, 26268 арыз бен талап арыз түскен. Түскен талап арыздың саны өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,7 пайызға артқан.

Осы тұста соттар жұмысының ауырлығын, жүктеменің өте көп екенін айта кету қажет. Негізі норматив бойынша әр судья ары кеткенде 28 іс қарауы тиіс. Ал, оңтүстікте халық көп болғандықтан шығар, судьялардың алды том-том папкіге толы. Мысалы, Әл-Фараби ауданының әр судьясы орта есеппен 60-70 істі қарауға мәжбүр болса, Мақтааралда бұл көрсеткіш 89-ға жетіп отыр. Сондықтан судьялардың санын көбейту ең күйіп тұрған мәселенің бірі екені анық. Әйтсе де ел ішінде соттың жұмысына көңіл толмаушылықтың көп екенін, «судьялар дөрекі, қатал, сөзіңді еркін айтуға мүмкіндік бермейді» деген әңгімелерді жиі еститінімізді жасыруға болмас. Содан болар, биыл сот жұмысын даттаған 181 шағым түсіпті, оның 53-і тікелей судьялардың өзін айыптаған. Биыл облыста қаралған 2324 қылмыстық істің 120-сы медиаторлардың қатысуымен аяқталыпты. Әйтеуір, медиация ісі енді-енді жанданып келе жатқан сияқты. Заңның осы тәртібімен биыл 112 азаматтық іс қаралыпты. Былтыр бар-жоғы 26 іс болған екен.

Сот үшін ең абыройсыз үрдіс – үкімнің бұзылуы. Биыл 13 тұлғаға қатысты 11 қылмыстық іс қайта тергеуге жолданыпты. Облыстық соттың аппелляциялық сот алқасында барлығы 12 үкім, кассациялық сот алқасында 2 үкім бұзылып, 31 үкім өзгертілген. «Мұның бір себебі, алқабилердің шынайылық таныта алмауында жатыр, – дейді қылмыстық істер жөніндегі аппелляциялық сот алқасының төрағасы Бек Әметов. – Негізі алқабилерді жергілікті әкімшілік ұсынады. Бірақ, осы мәселеге биліктің салғырт қарайтынын айта кету керек. Алқабилерді таңдауға байланысты ел арасында үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстары сылбыр жүруде. Тіпті, кей адамдар алқабилер қатарына қалай өтудің қарапайым ережесін білмейді, бізден келіп сұрайды. Бұл топқа кіретін адамдар бұрын-соңды ешқандай тәртіп бұзбаған болуы керек. Тіпті, ол көлігінің жылдамдығын арттырып, жол полициясы тарапынан жазаға ұшыраған болса да жарамайды. Түсінік жұмыстарының кемшіндігінен шығар, осындай айыптарын кейбір адамдар жасырады. Сөйтіп, алқабилер қатарына өтіп алып, адам тағдырына төрелік етеді» – дейді Бек Әметов.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.