Экономика • 29 Қараша, 2019

Көмірді алыпсатарсыз алады

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменнің іргесіндегі 60 мыңнан астам халқы бар Глубокое ауданының тұрғындары енді көмір алу үшін облыс орталығына сабылмайтын, сарсылып кезекке тұрмайтын болды. Өйткені аудан орталығы – Глубокое кентінде қыркүйек айынан бастап көмір сату базасы ашылып, жұмыс істеп жатыр.

Көмірді алыпсатарсыз алады

Ерекше атап өтерлігі, тұрғындарға аса қажет көмір базасын жеке кәсіпкер Виктор Леонтьев өз қаражатына салыпты. 70 миллион теңгеден астам қаржысын жұмсап, 250 метрге жуық жерге теміржол тарттырыпты. «Бұдан бөлек мұнда орталықтандырылған су жүйесін тартып, электр желілерін орнаттық. Облыс әкімдігі тарапынан бөлінген 3 миллион теңгенің грантына цифрландырылған электронды таразы қойдық. Көмір базасының ашылғанына бұған дейін Өскеменнен көмірді қымбат бағаға алып келген жергілікті халық ерекше қуанып жатыр. Әрине, көмірдің бір тоннасын 18 мың теңгеге алған жақсы ма, 12 мың теңгеге алған тиімді ме? Қазір көмірдің коммерциялық бағасы 9800 теңге болса (әлеуметтік баға – 9200), біз жеткізгеніміз үшін 2500 теңге ғана қосамыз. Тұрғындар өздері де келіп, тиеп алып кетеді.  Мүгедек жандарға, көп балалы аналарға тегін жеткізіп береміз. Техниканың барлығы өзіміздікі. Өзіміз тиейміз, өзіміз түсіреміз. Көріп тұрсыздар, ешқандай да алыпсатар, ешқандай да кезек жоқ» деген кәсіпкер көмір базасын салуға үш жылдай уақыт кеткенін жеткізді.

Жақында газетімізде осы ауданның Пред­горное ауылында салынған футбол алаңы жайында жазған едік. Ауылға барғанымызда алаңның кеңдігін әрі өте сапалы салынғанын көргеніміз рас. Сөйтсек бұл алаңды да Виктор Леонтьев салған екен. «Сапалы жасамауға менің қақым жоқ. Өйткені осы жерде тұрамын. Мұндай алаңдар ауданның бірнеше ауылында салынды. 200 шаршы метрден 600-ге дейін барады. Біздің ауылдағы алаң келісімшарт бойынша 1200 шаршы метр болу керек еді, 350 шаршы метрді өзім қостым» деген ол қазір жерлестерінің сұрауы бойынша Белоусовка ауылында бір уақытта 35 адамды қабылдайтын қоғамдық монша салып жатқанын айтты.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы