Қазақстан • 29 Қараша, 2019

Естен кетпес сол бір сәт

557 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіз­дік жылдарында Елбасымыз­дың Таразға әлденеше мәрте жолы түсіпті. Кие­лі де қасиетті Әулиеата жерінің өз­ге­ше бір құдірет-күші бар шығар-ау. «­Бітер істің басына, жақсы келер қа­сына» дегендей-ақ, ол кезде Мемлекет бас­­шы­сы­ның күнгей өлкеге әрбір сапа­ры өр­кенді өзгерістермен тұспа-тұс келетін-ді.

Естен кетпес сол бір сәт

Ұлы Жібек жолы бойындағы көне Таразға өзі­нің ежелгі аты қайтарылуы, Тараздың 2000 жыл­дық мерейтойы аталып өтуі, Аманкелді газ кенішінің алғашқы алауы жағылуы, зілза­ладан әжептәуір зардап шеккен Құлан өңірінде бір-ақ жаз ішінде жаңа қалашықтың пайда болуы, Таразда «Астана» шағын ауданының іске қо­сылуы, тағы басқалары, тікелей Елбасының қаты­суы­мен өткені де есте. Елбасының жай­дан-жай жолы түсе бермейтіні белгілі. Әр келі­сінде облысымыздың тарихына жаңа бет­тер қосып кетеді. Әрбір сапарынан жыл кел­ген­дей жаңалық сезінетініміз ше... Әрбір ке­ліп-қайтуы сапары соңында соқаланып, «із» қа­лып отырады. Тараздың өңі жауһардай жайнап, тоты құстай таранып, түлеп, түрленіп сала бе­ре­ді. Содан ба, көңілде Елбасы біздің өңірге жы­л­ына бір мәрте ат басын бұрып тұрса ғой дей­тін пен­дешілік аңсар қылаң беріп қалатыны бар.

Кездейсоқтық па, әлде Алланың маған бұйырт­қан несібесі осы ма, Елбасын жақын­нан, тіпті қолсозым ғана жерден көріп, лебі­зін естудің бір емес, бірнеше мәрте орайы келіпті. Ондаған жыл бойы Елбасын Таразға кел­генінде, әуе ұшағы трапынан түсіп, әуе­жайға табаны тигенінде алғаш қарсы алған Жамбыл жұртшылығы өкілдерінің аз ғана шоғыры – отыз шақты адамның қатарында мен де болған екенмін. Облыстың бас газеті «Ақ жолдың» репортері ретінде. Қарсы алу рәсімінің осы бастапқы бөлігі неге екенін білмеймін, редакция қызметкерлерінің ішінде ылғи менің үлесіме тиіпті де отырыпты. Бұл кейіннен бұлжымас «күнкестеме» де айнал­ғандай болды. Журналистердің қалай болғанда да Елбасының кез келген ресми сапарын бүге-шігесіне шейін жазып көрсетіп, елге жеткізуі қажет. Мұндай мандаттың бізге жүктелгенінің өзі – үлкен мәртебе. Қалай айтсақ та журналистің басқа мамандық ие­леріне қарағанда бағы басым ғой!

Әр нәрсенің басталуы қиын. Елбасының Әулиеата жеріне «ал» деп аяқ басқан сәтін жазып көрсету де сондай. Мемлекет басшысы­мен қол алысып, тілдесіп қалу да өне бойы мүм­кін бола бермейді, әрине. Дегенмен, сол бір қысқа ғана алым-берім уақыттың өзін­де Ел­басымен бірге елге келген басқа да мәр­тебе­лі меймандар кімдер, жалпы қарсы алу рәсімі барысында не жөнінде әңгіме болды – бәрі-бәрі сол сәтінде-ақ көңіл күнделігіне қатталып үлгеруі тиіс. Соңынан Елбасының ресми сапарынан жазылар есептің газетке жарияланарда тізгінұстары да өзіңсің, бұл күнгі мақаланың мейлінше асқақ рухпен басталуы, онда сапар мақсатының ұғынықты түрде нақтыланып берілуі, ол енді сенің шеберлігіңе байланысты.

Елбасын «Әулиеата» әуежайы басынан қар­­сы алуға, әдетте, облыстың қос газеті аты­нан әріптестерім Г.Асанова, В.Сутулов, В.Мос­товых және мен келетінбіз. Мұн­дай­да мен өзім Президенттің қолын алып қалу­­ды армандайтынмын. Ал мұның ілуде біреу­дің болмаса, әркімнің пешенесіне бұйы­ра бермейтін бақпен тең екені белгілі. Ақы­ры мұның да сәті түсті-ау. Бұл Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың 1998 жылдың қараша айын­да кезекті Президент сайлауы алдында елмен жүздесуге келуімен тұспа-тұс шықты. Елбасының бұл жолғы ресми сапары барысында журналистердің аз шоғырымен (оның ішінде өзім де бармын) қол алысып сәлемдесуіне уақыты болды. Өйткені Елбасы бастаған Үкімет адамдарының, бірқатар рес­пуб­ликалық БАҚ журналистерінің ұшақ­пен ұшып шыққан көршілес мемлекеттің басшысын осы әуежайда аз-кем күтуіне тура келген-ді. Журналистермен қысқа ғана тіл қатысып, алаңның келесі бетіне өткен Елбасы тобымен бірге болған (арамызды небәрі 4-5 метр ғана бөліп тұрды) сол бір сәт жадыма өшпестей жазылып қалды. Біз тұрған жерден Елбасының жинақы тұлғасы анық көрініп тұрды. Өзін аса байыпты ұстауы, шым-шым ызғарды да елей қоймай жағасын сәл көтеріп, жүзі алаулап қолын қалтасына салған күйі қиыр алыс көкжиекке көз жіберіп тұрғаны... ел-жұртының алдағы болашағына алаңдап, түпсіз ойға берілгені секілді көрініп кетті.

Шынында да сол кезден бері елде, оның ішінде облысымызда қаншама өзгеріс болды, қаншама игілікті іс жүзеге асырылды.Тіпті тіз­белеп шығудың өзі қиын. Барлығы да сол бір сын сәті болған кезеңнен бастау ал­ғаны анық қой. Құдайға шүкір дейік, ел елдігін жасады, жарқын келешекке тура бас­тайтын нағыз көшбасшыны таңдай білді. Менің көңілімді марқайтқаны да – сол! БАҚ өкілдерінің үркердей ғана тобының – біздің сол сәттен бастап Елбасымен ойымыз, діліміз, арман-мақсатымыз да біте қайнасып кеткендей. Біз... Елбасымен қашанда біргеміз!

 

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист

 

ТАРАЗ