Үкімет • 29 Қараша, 2019

А.Мамин Франция бизнес қауымдастығының аса ірі бірлестігімен келіссөздер өткізді

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Франция-Қазақстан іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикарер бастаған «Франция-Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының мүшелерін және Франция кәсіпорындары қозғалысының (MEDEF) өкілдерін қабылдады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

А.Мамин Франция бизнес қауымдастығының аса ірі бірлестігімен келіссөздер өткізді

«Қазақстан мен Франция ‒ стратегиялық серіктестер. Біз сенімді ынтымақтастықтың берік іргетасын қалай алдық. Бұл екі тарап үшін де айтарлықтай экономикалық, саяси және мәдени дивидендтер әкеледі», — деді А. Мамин.

Биыл 9 айда Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы Еуропалық Одақтың басқа елдеріндегі көрсеткіштерден арта отырып, 6%-дан астам өсті және $3,4 млрд құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы ҚР экономикасына тікелей француз инвестицияларының ағымы 24%-дан астамға, $537 млн дейін ұлғайды.

Үкімет басшысы көптеген инвестициялық жобаның белсенді іске асырылу сатысында тұрғанын атап өтті. Қазақстанда француз капиталының қатысуымен түрлі салаларда 230-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде Total, Orano, Alstom және басқа да ірі трансұлттық корпорациялар бар. Тәуелсіздік жылдары Франция компаниялары Қазақстанға $16,4 млрд астам инвестиция салды. 

Үкімет басшысы мен француз компанияларының өкілдері екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, энергетика, су шаруашылығы және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық денсаулық сақтау, биометриялық жүйелер, автомобиль құрастыру, трансформатор өндірісі, ғарыштық жерсеріктерді құрастыру және т.б. салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Кездесуге Премьер-Министрдің бірінші орынбасары ‒ Қаржы министрі Ә. Смайылов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Сыртқы істер, Энергетика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Сауда және интеграция вице-министрлері, ұлттық компаниялардың басшылығы және т. б. қатысты.

Француз делегациясы құрамында Total, Orano, Alstom, Airbus,  Vicat, Air Liquide, Idemia, Renault CIS & LADA Export, Veolia, Bouygues Travaux Publics, Catering International Services, DV Conseil, Lazard, Sanofi,  TechnipFMC, TECOFI S.A.S. компаниялары болды.

Франция кәсіпорындарының қозғалысы (MEDEF) ‒ түрлі қызмет саласындағы 800 мың компанияны біріктіретін елдің бизнес қауымдастықтарының ірі ұйымы.