Спорт • 29 Қараша, 2019

Жекпе-жек: Бүгін Алматыда АСА жұлдыздары айқасады

877 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін «Алматы Арена» спорт кешенінде АСА 102 турнирі өтеді. Штаб-пәтері Шешенстанның астанасы – Грозныйда орналасқан айтулы ұйым және қазақстандық «Алаш Прайд» компаниясының мұрындық болуымен өтетін дүбірлі додада әлемнің бірқатар мемлекетінен келген белді спортшылар бақ сынайды.   

Жекпе-жек: Бүгін Алматыда АСА жұлдыздары айқасады

Бүгін кешкі сағат 18:00-де басталатын АСА (Absolute Championship Akhmat) турнирінде қос бірдей алтын белбеу сарапқа салынады. Атап айтсақ, жартылай орта салмақтың (77,1 кило) алтын белбеуі үшін Кабардино-Балкарияның өкілі Альберт Түменов (21-4-0) пен Шешенстанның өрені Беслан Ушуков (17-3-0) айқасады.

Ал орта салмақ дәрежесіндегі (83,9 кило) чемпиондық тәж үшін тартыс Ичкерияның тағы бір саңлағы Саламу Абдурахманов (12-1-0) пен Мәскеудің мықтысы Валерий Мясников (14-1-2) арасында өтеді.  

Алматыда өтетін жарыста жоғарыда айтылған титулдық қос бәсекеден бөлек, тағы 14 жекпе-жек өткізу жоспарланып отыр. Араларындағы ең маңыздыларына тоқталсақ, тәжірибелі Ермек Тлауов (70,3 кило) әйгілі Венер Галиевпен күш сынасады.

Евгений Егембердиев (93 кило) Испанияның алыбы Даниэл Толедомен жұдырықтасады.

Қазақ күресінің қыр-сырына қаныққан Нұрсұлтан Қасымханов (66 кило) ресейлік Александр Педусонмен айқасады.

Сол секілді Шахмарал Жетпісов (+93 кило), Гоити Дазаев (77,1 кило), Фанил Рафиков (66 кило) және тағы басқа жерлестеріміз шет мемлекеттерден келген сақа спортшылармен сайысқа түседі.