Қоғам • 29 Қараша, 2019

Жемқорлықпен күресу құндылықтары

334 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғаннан кезеңнен бері еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының негізгі мақсаты – тиімді тетіктер мен институттарды құру екені көпке аян. Бұл үрдіс үнемі жетілдіріп келеді. Және мемлекеттік басқару құрлымының назарына түскен емес. Бұл жұмыс ел аумақтарында белсенді жүріп жатыр.

Жемқорлықпен күресу құндылықтары

Соның бір көрінісі ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2019 жылғы 13 маусымдағы жарлығымен  қайта жасақталып, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып құрылғанын айтсақ болады. Яғни, бұрындары Ұлттық бюро Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрамындағы ведомство болса, Президент жарлыққа сәйкес, агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ерекше кешенді құзыреттерге ие болған тәуелсіз құқық қорғау органы болды.

Бұл жердегі басты мақсат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған. Агентіктің барлық бастамалары әділдік, парасаттылық, сенім құндылықтары арқылы жүзеге асырылатын болады. Біздің жұмысымыздың негізгі тіні – әділдік. Әділдіктің басты өлшемі —адам құқықтары теңдігінің жүзеге асуы. Ұлы ақын Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деген екен. Екінші ұстаным – Парасат. Парасаттылық ұғымы ақылдылық пен білімпаздық, мәдениеттілік, көрегенділік, зерделілік мағынасында қолданылады. Парасатты адамға адамгершілік, инабаттылық, мейірімділік, ізгілік, әдептілік, ұстамдылық қасиеттері тән болады. Көпті көрген, көп білетін мұндай адам сөйлейтін әр сөзін ойланып, ақыл таразысына салып айтады. Үшінші бағыт – Сенім. Ол адамның белгілі бір мәліметтерді, құбылыстарды, ойлар мен көзқарастарды, пікірлерді еш күмәнсіз қабылдап, мойындауында көрінетін психиканың ерекше күйі. Яғни, сенім – адамның жігерін арттырып, болашаққа құлшындыратын құбылыс. Осы көрсетілген құндылықтарды әрбір тұрғынның бойында қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлық деңгейін айтарлықтай төмендетуге болады. Оған әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін жүргізетін халықаралық ұйымдардың зерттеулері дәлел болып отыр. Әлемдік тәжірибе сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету үшін жазалау шараларынан алдын алу шараларына көшу қажеттігі заман талабы екенін көрсетті.

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ерекше атап өтті. Осы тұрғыда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі нақты шаралар қабылдап, қоғам арасында тиімді институттар құруда. Оның бірі, Қазақстанның барлық облыстарында сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер – адалдық алаңдары құрылды. Өз кезегінде, Алматы облысында «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, белсенді жұмыстар атқаруда. Басты мақсат – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау.

Бүгінгі күні біздің облыс көлемінде барлық аудан орталықтары мен қалаларда жобалық кеңселер ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дәріптеп, мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін нығайту бағыттарында өз жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтсақ, Алматы облысының 20 аудан орталықтары мен қалаларында «Адалдық алаңы» кеңселері, ауылдық округтерде 232 кеңсе бұрыштары ашылды.Жыл басынан бері жобалық кеңсе алаңында мемлекеттік орган бірінші басшыларының қатысуымен онлайн-конференциялар, қоғамдық қабылдаулар, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететін «Smart-Талдықорған», «Жер картасының геоақпараттық порталы», «Мектеп Sitcen» сияқты жобалар мен бағдарламалардың таныстырылымы өтті. Парасаттылық пен адалдық қағидаттарын насихаттайтын 20-дан аса әлеуметік бейнероликтер әзірленіп, халық көп шоғырланатын орындарда трансляцияланды. Алматы облысында 776 мекеме басшылары бірінші қабатқа көшіріліп, нәтижесінде 1500 шаршы метр өзге қажетіліктер үшін қолданымға берілді. «Open Space» форматына 96 мекеме басшысы ауысты.

Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Оның ішінде жастармен жүргізген жұмыстарды ерекше атап өткен жөн. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады», - деп атап өткен болатын. Бұл бағытта облысымызда  «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кесесінің «Жастар»  қозғалысы құрылып, қоғамда парасаттылық принциптерін қалыптастыратын «Конвертте тек хат болуы тиіс», «Ашық аспан астындағы мәдени арбатта», «Қан өткізіп, өмір сыйла», «Парасаттылық жолында» сияқты акциялар өткізді. Бұл акциялар жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, бойындағы қабілетін дамытуға үлес қосты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп табалдырығынан қалыптастыру мақсатында оқушылар арасында «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылып, оқушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған іс-шаралар ұйымдастырды. Осылайша еліміздің нағыз ұлтжанды ұрпағы болып тәрбиеленіп келеді.  Яғни, Қазақстанның болашағы осындай ұлтжанды, білімді, адал әрі парасатты жастардың қолында.

Данияр ТҰРҒАНБАЕВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы