Аймақтар • 29 Қараша, 2019

Тұлға ескерткіші тұғырға қайта қонды

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы даңқты жырау Жамбыл Жабаевтың Тараз қаласындағы бұрынғы көк базардың маңында тұрған ескерткіші орнынан алынып, оның көшірмесі былтыр қазан айында облыстық әкімдік ғимаратының алдына қойылған болатын. Әрине, бұл бастаманы құптағандар да болды. Алайда жарты ғасырдан астам уақыттан бері Әулиеата өңірінің төлқұжатына айналған алып шойын ескерткіштің тұғырынан түсуіне және әкімдік ғимаратының алдына оның көшірмесінің қойылуына өңірдегі бірқатар азамат наразылық та білдірген еді. Бірақ көптеген наразылыққа қарамастан атақты мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың бұл әйгілі туындысы «Жасыл Тараз» мекемесінің қоймасына қойылды.

Тұлға ескерткіші тұғырға қайта қонды

Жергілікті билік бұрынғы ескерткіштің орнынан алынып, қоймаға қойылу себебін оның тозығының жеткенімен байланыстырған еді. Мәселен, шаһар билігі ескерткіш орнатылған 54 жылда оны 17 рет жөндеген. Бірақ өңірде жырау ескерткішіне қатысты «жыр» бәрібір толастаған жоқ. Сондықтан да қала әкімдігі Алматы қаласынан арнайы мамандар шақырып, екі рет сараптама жұмыстарын да жүргізген. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай да кезінде сол сараптама жұмыстарының нәтижесінде бұл ескерткіште күрделі жарықтардың пайда болғандығын айтқан еді.

Бірақ жарамсыз деп танылған жарты ғасырдан астам тарихы бар Жамбыл ескерткіші жуырда облыстық әкімдік ғимаратының алдына қайта орнатылды. Қоймада жылға жуық қаңтарылып тұрған тұлға ескерткіші тұғырға қайта көтерілді. Осы уақытқа дейін жергілікті атқамінерлер бұрынғы баба ескерткішінің қайта жөндеуден өткен соң өз орнын табатынын айтып, сендіріп келген болатын. Ал өткен жылы облыстың бас ғимаратының алдына қойылған биіктігі 4 метр, салмағы 1,5 тонна жырау ескерткішінің көшірмесінің енді қайда барып тұрақтайтыны белгісіз.

 

Жамбыл облысы