Спорт • 29 Қараша, 2019

Алматыда бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен жарыс өтеді

483 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

6-8 желтоқсан аралығында Алматыдағы «Алматы Арена» спорт кешенінде бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен «Arlan Grip Championship 2019» деген атауға ие дәстүрлі халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Оған әлемнің бірқатар мемлекетінен келген 1300-ден аса спортшы қатысады деп күтілуде.

Алматыда бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен жарыс өтеді

Бүгінгі таңда бразилиялық джиу-джитсу қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Сонау XVI ғасырда Жапониядан бастау алған айтулы өнер қазіргі кезде қанатын құлаштап жайып, күллі әлемге кеңінен тарады. Ал іргетасы Күн Шығыс елінде қаланған спорт түріне Бразилияның мамандары көптеген өзгерістер енгізіп, жаңа биікке көтерді. Біз де сол бағытты ұстанып, осы өнерді өз мемлекетімізде өркендету үшін барынша күш салып жатырмыз. Сол секілді қазіргі кезде грэпплингтің де даму барысы қуантады дейді Қазақстан Республикасы бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплинг федерациясының вице-президенті Ақмарал Қанатбаева.

Иә, соңғы жылдары осы спорт түрлерін серік еткен Қазақстанның өрендері халықаралық аренада елеулі табыстарға қол жеткізіп жүргені баршаға мәлім. Бүгінгі таңда Османжан Қасымов, Дархан Нортаев, Ислам Мамилов, Нариман Мыңбаев, Ерназ Мұсабек, Мансұр Хабиболла, Азамат Бақытов, Антон Аманбаев, Руслан Исраилов, Омар Маннаров, Мөлдір Мекенбаева, Мариям Ордабаева, Аида Құрбанова және тағы басқа хас шеберлердің есімдері көпшілікке жақсы таныс. Олардың алды әлемдік деңгейдегі додаларда дараланса, өзгелері құрлықтық жарыстарда жасындай жарқырап жүр. Жерлестеріміздің осындай орасан зор табысына барша қазақстандық жанкүйер ерекше шаттануда.

Ал соңғы жылдардағы көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, жуырда ғана Біріккен Арабтар әмірлігінің (БАӘ) астанасы – Әбу-Дабиде ұйымдастырылған халықаралық турнирде отандастарымыздың тамаша өнер көрсетіп, командалық есепте екінші орынды олжалады. Ал осыдан бірер ай бұрын Жапонияның ашық чемпионатына қатысқан Қазақстанның өрендері сол сапардан бір күміс және бір қола жүлдемен оралды.

Сонымен қатар бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплинг шеберлері түрлі қайырымдылық іс-шарадан да қалыс қалып жүрген жоқ. Бір ғана мысал, айтулы федерацияның қамқорлығының арқасында Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан қос бірдей балалар үйінде осы спорт түріне бейімделген арнайы зал ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтымасыз етілді. Жас жеткіншектердің шеберліктерін шыңдау мақсатында оларға білікті бапкерлер бекітілді. Бұл күндері балалар үйінің бір топ ұлдары мен қыздары сол үйірмелерде тегін даярлануда.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған турнирдің өзіне тоқталатын болсақ, алғашқы күні 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер өнер көрсетеді. Келесі тәулікте ересектер мен ардагерлердің жекпе-жектерін тамашалаймыз. Ал ең соңғы күні кәсіпқой спортшылар жарыс көрігін қыздырады. 

45