Аймақтар • 30 Қараша, 2019

Ақжайық ауданында инсультқа қарсы орталық ашылды

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының орталығы Чапаев селосы – тоғыз жолдың торабында, облыстың оңтүстік аудандарына шығар жолайырықта орналасқан ірі елдімекен. Бүгін осы ауылдағы аудандық аурухана базасында арнайы жасақталған инсульт орталық ашылды. Орталық бес ауданның халқына қызмет көрсетпек.

Ақжайық ауданында инсультқа қарсы орталық ашылды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен шараға өңір басшысы Ғали Есқалиев қатысып, халықтың қуанышына ортақтасты.

- Еліміз егемендік алғалы халық қамы үшін көптеген игі іс атқарылып келеді. Солардың бірі – аудандық ауруханадан ашылғалы тұрған инсульт орталығы. Осы жерде облыстың Ақжайық, Бөкейорда, Жәнібек, Жаңақала және Қазталов аудандарының тұрғындары медициналық қызмет алатын болады. Жаңа орталықтың қызмет көрсету шеңбері 124 мың 783 адамды құрайды, - деді өз сөзінде облыс әкімі.

Облыстық бюджет есебінен жалпы құны 348 млн теңгеге жабдықталған жаңа орталық 10 төсекке жоспарланған. Соның ішінде 7 орын алдын ала оңалту ісіне, 3 төсек қарқынды терапияға арналған. Орталықта құны 27 млн 709 мың теңге тұратын аппараттар алынған, кіші операциялық зал мен экспресс-зертхана ашылмақ. Инсульт орталығында қызмет ету үшін екі дәрігер қайта даярлаудан өткен. Сондай-ақ аурухана стационарына талапқа сай жөндеу жұмысы жүргізіліп, компьютерлік томография аппараты орнатылған. Облыс басшысының айтуынша, бүгінге дейін компьтерлік томографияға түсу облыс орталығында ақылы көрсетіліп келсе, келер жылдан бастап ол қызмет медициналық сақтандыру арқылы аудан халқына тегін жасалатын болды.

Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, халық атынан сөз алған медицина ардагері Рауза Шайденқызы, еңбек ардагері Науқан Есеналиев ақсақал өңір басшыларының қамқорлығына, жергілікті дәрігерлердің жұмысына алғыс айтты.

Батыс Қазақстан облысында 2019 жылы 9 айда инсульт дерті 48,8 пайызға, осы дерт салдарынан өлім-жітім көрсеткіші 12,5 пайызға артқан.