Аймақтар • 30 Қараша, 2019

Ақтауда сот жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланды

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстауда «Рухани құндылықты сақтау – өркендеудің негізі» атты тақырыпта Батыс өңірлік семинары өткізілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз маманы Н.Өтеулиева хабарлады.

Ақтауда сот жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, сот жүйесін модернизациялау, Президенттің Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, сот актілерінің сапасын арттыру, бітімгершілік рәсімдерін насихаттау мақсатында өткізілген семинарға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев,  Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау  облысының судьялары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, сот жүйесінің ардагерлері, Билер кеңесінің мүшелері, медиаторлар, адвокаттар, блогерлер мен БАҚ өкілдері, барлығы 100-ден астам адам қатысты.

Ержан Даулиев мемлекеттік тілдің іс жүргізудегі қолдану аясын кеңейту, дауларды бітімгершілікпен аяқтау, сот актілерінің сапасын арттыруға ден қою мәселеріне назар аударды. Ол сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының процестік құжаттарды дайындау кезінде тілдік қағидатты іске асыруды реттейтін құқықтық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

Билер кеңесінің төрағасы  Марат Молдағұловсот жүйесінің дамуындағы билер кеңесінің маңызы мен рөліне тоқталып өтті.

Одан әрі Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев мемлекеттік тілде төрелік етудің маңызы және сот құқық жүйесінде қазақ тілінің қолданысын арттыру туралы айтты. Сондай-ақ, «Маңғыстау облысы соттарында барлық құжат айналымының 90 пайызынан көбі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сот отырыстарына аудармашыны қатыстыра отырып, істі мемлекеттік тілде қарауға да басымдық берілген. Осы орайда ауыр болса да қылмыстық істерді мемлекеттік тілде қарауға басымдық беріліп отыр», - деді Ержан Қарабаев.

Іс-шарада медиация және оны дамытудың жолдары, іс жүргізудегі мемлекеттік тілдің қолданылуы, қылмыстық іс жүргізудегі мемлекеттік тілді сақтау қағидаты, қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот актілерінің сапасын арттыру мәселелеріне мән берілді.

Қатысушылар айтылған мәселелерді алдағы уақытта өздерінің қызметтерінде пайдаланатындықтарын жеткізіп, ұсыныстарды қолдады.