Аймақтар • 30 Қараша, 2019

Текелі қаласында 14 отбасы қоныс тойын тойлады

392 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Текелі қаласының Мәдениет үйінде 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне орай салтанатты жиын өтті.

Текелі қаласында 14 отбасы қоныс тойын тойлады

Осы мерейлі сәтте Текелі қаласының көпбалалы 14 отбасына пәтер кілті табысталды. Көпбалалы отбасылардың қуанышын бөліскен қала әкімі Бахтияр Өнербаев аймақтағы көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған әулеттерге жасалып отырған қолдау жайында айтты.

Биыл Алматы облысында тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды қолдауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге қарастырылған болатын. Әлеуметтік карта шеңберінде балабақшалар мен мектептерде аз қамтылған отбасылардың 58 мың баласы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мұның сыртында тұрғын үймен қамтуға кәсіпкерлер жұмылып, көптеген отбасы баспаналы болды. Текелі қаласында да биылдың өзінде 4 отбасы осындай жолмен үй алған еді.

Сондай-ақ, шара барысында жиналған қауымды қала әкімі Бахтияр Өнербаев құттықтап, бірқатар қала белсенділеріне Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын табыстады. Салтанатты шарада жас жеткіншектер «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» қатарына қабылданды. Ал жиын соңы мерекелік концертпен жалғасты.