Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2019

Суармалы алқап көлемі 145 мың гектарға жетпекші

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде суармалы алқап көлемін көбейтуге басымдық берілген. Қ.Сәтбаев атындағы және Ертіс-Успен арналарының суын пайдалану шаруалар үшін тиімді.

Суармалы алқап көлемі 145 мың гектарға  жетпекші

Бұл ретте сорғы стансаларын орнатып, суармалы алқапты көбейтуді қолға алған шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау да бар.

- Көкөністің түр-түрі мен малға қажет азық сапасын жақсарту үшін облыс аумағындағы 70 мың гектар жер суарылады. Биыл тағы 30 гектар суармалы егістік айналымға енгізілді. Жоспар бойынша 2022 жылы бұл көрсеткіш 145 мың гектарға жетеді, - деді облыс әкімі Болат Бақауов БАҚ өкілдерімен болған  брифинг барысында.

Өңір бойымен өтетін  Ертіс өзені облыстың 3 қаласы мен 7 ауданы аумағынан өтіп, шаруалардың суармалы әдісті қолдануына мүмкіндік беруде.

Ал, «Ертіс-Қарағанды» су арнасы арқылы 40 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдыру жоспарлануда.

Яғни, Екібастұз, Ақсу қалаларына қарасты ауылдық аумақ тұрғындары үшін көкөні өсіруге жақсы жағдай жасалмақ.

Сонымен бірге «Ертіс-Успен» су арнасының жұмысы қайта жанданған соң, 10 мың гектар жер суармалы алқапқа айналмақ.  

Өңірдегі Павлодар ауданы суармалы жерлерді айналымға енгізу көрсеткіші бойынша үздік атанды.

Ауданда  12 400 гектар суармалы алқап бар. Биыл 620 гектар суарыла бастаса, келесі жылы 1500 гектар айналымға енгізілмек. Аудан көлемінде 140 шаруашылық суару әдісін қолданады.

Солардың бірі – «Аңдас» шаруа қожалығы.

- Біз 20 жылға жуық уақыт бойы Ертіс өзенінің суын пайдаланып келеміз. Бүгінде шаруашылықтың иелігінде 1500 гектар суармалы жер бар. Келесі жылы тағы 700 гектарды қосуды көздеп отырмыз. Себебі, суарылатын алқаптың өнімділігі жоғары, - дейді қожалық басшысы Зейнолла Сәлменбаев.

Павлодар облысы