23 Шілде, 2013

Адам құқын сақтай білу – өркениеттілік белгісі

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нидерланд Корольдігінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Тұрғын халық саласындағы қорының (UNFPA) және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының ұйымдастыруымен Адам құқықтары бойынша халықаралық конференция өтті.

Халықаралық қауымдастық тарапынан үлкен мәнге ие бұл іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов қатысты. Алқалы іс-шараға жергілікті үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам және БҰҰ өкілдері, арнайы сарапшылар мен адам құқықтарын қорғау саласындағы қайраткерлер атсалысып, жалпы алғанда, 130 мемлекеттен келген 300-ден астам қатысушы жұмылдырылды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қ.Сұлтановтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымындағы Тұрғын халық саласындағы қорының Атқарушы директоры Бабатунде Осотимехинмен, Нидерланд Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Ханс Франкенмен екіжақты кездесуі өтті.

Қ.Сұлтанов Б.Осотимехинмен кездесу барысында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiгін қамтамасыз ету, жаппай теңдікті сақтау Қазақстан Республикасы басты құндылықтарының бірі болып табылатынын айрықша атап өтті. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттан тыс, БҰҰ тарапына әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселелерді шешуге барынша жәрдем етуші Қазақстанның халықаралық, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан ауқымды үлесі туралы айтылды.

Х.Франкенмен кездесу барысында екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын тереңдету мүмкіндіктері талқыланып, екіжақты және көпжақты әрекеттесу күн тәртібіндегі маңызды да өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.