Біртілек ауылдық округі мен Еңбекші елді мекені сапалы электр қуатымен қамтылып, 13 шақырым көше жиегіне жарық шамдар орнатылды. Мереке күні қарсаңында осыған дейін ауыз су тапшы болып келген Жүзімдік, Көкбұлақ елді мекендеріне су құбыры жеткізіліп, халықтың қуанышы еселенді. Ауыл тұрғындары осынау жетістіктерге қол жеткізуде Елбасының ерен еңбегі мол екендігін айтуда.
Мереке күні, сондай-ақ Отырар ауданында Сапар орталығы ашылды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Отырар қалажұрты маңынан салынған Сапар орталығы Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау мақсатында жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновацияларды дамыту бағытында да қызмет атқаратын бірегей нысанға айналмақ. Сапар орталығында, сондай-ақ, музей қорына түсіп отыратын экспонаттар үшін бірінші,екінші қабаттарда экспозициялық залдар және музей мамандары мен Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимараты бар.