Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2019

Шалғай ауылдарда 24 отбасы пәтерлі болды

132 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданы орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жаңа қожайындарына берілді.

 

Шалғай ауылдарда 24 отбасы пәтерлі болды

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ

Жаңа үйдің құрылысына 112 млн теңге қаржы жұмсалған. Құрылыс жұмысын мердігер «Батыс КотлоМонтаж» ЖШС сапалы және уақтылы жүргізген. Жаңа баспанаға ие болған 12 отбасының 8-і – көп балалы отбасылар. Президент күнімен орайлас келген қоныстойға Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

- Құрметті аудан тұрғындары! «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында халық игілі үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Бүгінгі қуаныш соның бір нәтижесі. Осындай күн ауданымызда көп болсын. Қоныстарыңыз құтты болсын! - деді облыс әкімі.

Жаңа пәтерлердің сапасы жақсы. «Біз көп жыл пәтер жалдап келдік. Оның ақысын төлеу біраз қиындық келтіретін. Баспаналы болуымызға көмектескен жандарға алғысымыз шексіз. Бұл күнді ешқашан ұмытпаспыз, шексіз қуанып тұрмыз. Енді жаңа, сапалы және жайлы үйде тұратын болдық» дейді Рымгүл Сакетова.

Дәл осындай қуаныш Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылында да болды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп балалы отбасылар, әлеуметтік жағынан қорғалуға жататын топ мүшелері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар өздеріне арнап салынған сапалы баспанаға ие болды. Құрылысты «Kazakhstan GIGA Trade» ЖШС мамандары уақытында сәтті аяқтады. Айта кетейік, өткен жылы да Жалпақтал ауылынан дәл осындай он екі пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

- Кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын кемінде алты миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру туралы тапсырма берген еді. Ол тапсырма бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары мемлекетіміздің береке-бірлігінің арқасында көптеген игі шаралардың нәтижесін ауыл тұрғындары көріп жатқанына қуаныштымыз, - дейді өңір басшысы.