Қоғам • 02 Желтоқсан, 2019

Түркістан облысында спорт нысандары пайдалануға берілді

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент күніне орай Түркістанда олимпиада резервін даярлау орталығы және Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округінде спорт кешені ашылды. 

Түркістан облысында спорт нысандары пайдалануға берілді

Құны 1 млрд теңгеге жуық болатын Түркістан қаласындағы нысанды Солтүстік Қазақстан облысы тарту етіп отыр. Екі қабатты ғимаратта ойын залы, күрес, бокс және тренажер залдары ашылған. Орталық ауласында үлкен стадион орналасқан. Спорт нысанында бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру бойынша облыстық іс-шаралар мен республикалық, халықаралық жарыстар ұйымдастырылмақ. Жастар мен жасөспірімдер арасында еркін күрес, грек-рим, дзюдо, бокс,  жекпе-жек спорт түрлері бойынша облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындары өткізілмек. Жалпы аумағы 3,75  гектар жерді алып  жатқан  спорт кешенінде бір мезетте 220-дан астам спортшы жаттыға алады. Мектептің спортшылар резервін дайындайтын оқу-жаттығу базасы да талапқа сай жабдықталған. Ашылу салтанатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев игі іске үлес қосқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне, жобалаушылар мен құрылысшыларға алғыс айтты. Алдағы уақытта осы ғимараттың жанынан жатақхана мен орта мектеп салынатынын және ол үлкен кешенге айналатындығын жеткізді.

Ал Төле би ауданы Қасқасу ауылдық округіндегі спорт кешені жеке кәсіпкер, педагогика ғылымдарының докторы Момбек Қозыбақовтың демеушілігімен салынған. Жаңа спорттық-сауықтыру орталығының лентасын мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Амалбек Тшанов пен аудан әкімі Бауыржан Омарбеков қиды. Спорт кешенінде тұрғындар бокс, еркін күрес, грек-рим, футбол, шахмат және дойбы сынды спорт түрлерінен шұғылдана алады. Құрылысы өткен жылы басталған спорттық нысанның құны – 150 млн теңге. Бір мезетте 100-ге жуық спортшы жаттыға алатын кешенде барлық жағдай жасалған. «Тұңғыш Президент күніне тарту етіліп отырған осы әлеуметтік маңызы бар нысан бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосып, талай дарынды шәкірттер мен дарабоз тарландар түлеп ұшып, егеменді еліміздің көк байрағын жеңіс тұғырына көтеріп, желбіретеді деп сенемін», –  деді аудан әкімі Бауыржан Омарбеков ашылу салтанатында. Жеке кәсіпкер Момбек Қозыбақов заманауи үлгіде салынған спорт кешенінің кілтін аудандық спорт мектебіне салтанатты түрде табыс етті.