Қоғам • 02 Желтоқсан, 2019

Қарағандыда облыстық ҚХА-ның ХХІІ сессиясы өтті

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының ХХІІ сессиясы өтіп, онда ел тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі, бейбітшілік пен келісімді нығайту, азаматтық қоғамды дамыту жайы әңгімеге арқау болды.

Қарағандыда облыстық ҚХА-ның ХХІІ сессиясы өтті

Сессияның басында  облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасарлары сайланды. Делегаттардың бірауыздан мақұлдауымен бұл өкілеттіктерге қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков пен «Вайнах» чешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Увайс Джанаев ие болды.

Алқалы жиын жұмысына қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Елбасының қазақстандық табыстың үш кілтін анықтағанын еске салды.

– Оның біріншісі – деді өңір басшысы, – ұлты мен діни сенімі әртүрлі  қазақстандықтарға қажет бірлік. Екіншісі – біздерге және әрқайсымызға тән төзімділік. Үшіншісі – тарихи тағдырдың ортақтығы және ортақ болашақ.

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек таяуда Нұр-Сұлтан қаласында марапатталған қарағандылық меценаттардың еңбегін ерекше атап өтті. Еске салсақ, ҚХА мүшелері, кәсіпкерлер Иван Георгиади, Шамиль Осин және «Намус» әзербайжан ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Гулага Векил-оглы Рзаев қайырымдылықпен белсенді түрде айналысқандары үшін арнайы жүлделерге ие болған-тұғын.

Аталған сессияда сөз алған Литвадан келген қонақ, Вильнюс университетінің профессоры, сәулетші Альгис Вишнюнас өзінің отанында  Елбасының тарихи жадыны сақтауға және елдер арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесінің ерекше бағаланатынын айтты. «Бқған дәлел – Нұрсұлтан Назарбаевтың Литва ұлы князі Гедиминас орденімен марапатталуы», деді құрметті қонақ.

Сонымен қатар, алқалы жиында облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері сөз сөйлеп, Елбасы саясатының даналығы мен елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға ықпал ететін маңызды шешімдер туралы баяндады. Сондай-ақ, Арыс қаласына жарылыстан зардап шеккендерге өз еркімен барып көмек көрсеткен қарағандылық Евгений Хисметов азаматтарды еріктілер қатарына кіруге шақырды. Шет ауданының жастар белсендісі Евгений Янке «Рухани жаңғыру» бағдарламасы идеяларының құндылығы жайында таза қазақ тілінде пайымды пікір айтты.

Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының ХХІІ сессиясының соңында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек этномәдени бірлестіктердің басшыларына сый-сияпат көрсетті.