Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2019

Тұңғыш Президент күні қарсаңында солтүстікқазақстандық 80-нен астам полицей марапатталды

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде салтанатты жиналыс өтті.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында солтүстікқазақстандық 80-нен астам полицей марапатталды

Полиция ведомствосының басшысы полиция полковнигі Марат Төлебаев қонақтар мен жеке құрамды мейраммен құттықтап, мемлекеттік мерекенің тарихи маңыздылығына тоқталды. «Елбасы біз үшін өз еліне, Отанына қызмет етудің жарқын үлгісі болатын әлемдік деңгейдегі кемеңгер саясаткер. Татулығымыз, береке-бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың кепілі болған Тұңғыш Президентіміздің еңбек жолы - қазақстандықтарға үлгі және тағылым мектебі. Біздің басты міндетіміз - бейбіт өмір мен азаматтардың тыныштығын сақтау», - деді Полиция департаментінің бастығы.

Қызметтік міндеттерін атқаруда жоғары кәсібилігімен ерекшеленген қызметкерлерді марапаттау рәсімі жиналысқа қатысқандардың  мерекелік көңіл-күйін одан әрі арттыра түсті. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың командирі Ерік Құлжановқа «полиция подполковнигі» атағы мерзімінен бұрын берілді. Ол 50-ден астам офицер қызмет атқаратын ерекше бөлініске басшылық етеді. 17 жылдық қызмет барысында самбодан спорт шебері, қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат дәрежесіне жеткен Ерік Құлжанов өзін білікті, алдына қойған міндеттерді бұлжытпай орындайтын қызметкер ретінде көрсетті.  «Бүгінгі мерекенің ел тарихында ерекше орны бар. Бұл тәуелсіз ел идеологиясының басымдықтарын, көреген тұлғаның қасиетін айтатын күн. Тұңғыш Президентіміздің қол жеткізген жетістіктері алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, өзіміз үшін және барлық жеке құрам үшін міндетімізді айқындаймыз. Атақты «мерзімінен бұрын» алуымды – барлық жеке құрамның қол жеткізген табысы деп білемін», - деді марапатталушы.

Тұңғыш Президент күнін мерекелеуге орай барлығы 80-нен астам солтүстікқазақстандық полицей марапатталды. Екі қызметкерге облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың алғыс хаты табыс етіліп, 12 қызметкері Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен марапатталды.  

Мереке ведомствоның шығармашылық ұжымы дайындаған концертке ұласты.