Жаңа заман жастары біліммен қатар адалдық, парасаттылық, әділдік пен сенім сияқты адами құндылықтарды бойына сіңіруі қажет. Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тұңғыш Президент күніне және Жастар жылына орай «Sanaly urpaq» жобасы аясында «Adal urpaq» ең үздік клубтарының республикалық форумын өткізді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған жастар ортақ ой, пайымды пікір, пайдалы кеңестерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.
«Аталған іс-шара «Adal urpaq» жобасын жандандырып, өңірлердегі парасатты, әділ жас елшілердің Отанға, өз ісіне, атқарған жұмысына деген қызығушылықтарын арттырып, өзіндік көзқарасы бар азаматтардың, бәсекеге қабілетті саналы ұрпақтың қалыптасуына себеп болады. Жиынның басты мақсаттарының бірі – 2050 жылы 30 дамыған елдің қатарына қосылған, экономикасы дамыған мемлекеттің бәсекеге қабілетті, парасатты, саналы тұлғасын қалыптастыру», дейді ұйымдастырушылар.
Форум қорытындысы бойынша аймақтардың ең үздік клубтарына Агенттік атынан алғыс хаттар тапсырылып, белсенді тұлғалардың еңбегі еленді, жаңа жылға жаңа ұсыныстар мен бағыттар айқындалды.
«Өз заңын құрметтеп-қастерлейтін, еліне шын берілген адал ұрпақ – мәңгілік елдің кепілі. Елорда төрінде өткен «Адал ұрпақ» республикалық жастар форумына елімізге белгілі Олжас Абай, Санди Сұлтан, Серік Сәпиев сынды өз саласының үздіктері қатысып, өмірде жеткен жетістіктерімен, өмірлік тәжірбиелерімен бөлісті. Біз бұдан рухани күш-қуат алдық. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, адамдарды, дәстүрді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, көрегенділік пен адалдыққа тәрбиелеу жайында ауқымды әңгіме өрбіді. Іс-шараға еліміздегі «Adal urpaq» ерікті мектеп клубтарының белсенді, дарынды, білімді жастары қатысты. Ел астанасының ең көрікті жерлеріне саяхат жасадық. Жастардың дамуына, бойларындағы дарындарын көрсетуге мүмкіндік беретін осындай ауқымды іс-шаралар жалғасын тапса, әр жасты белсенді өмір сүруге бағыттайтыны белгілі», дейді Түркістан облысынан келген «Adal urpaq» клубының мүшесі Айгүл Ержігітова.
Жиын соңында «Adal urpaq» клубтарының мүшелері марапатталды.