Руханият • 03 Желтоқсан, 2019

«Груффало» ертегісі – қазақ тілінде

670 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемнің заманауи классикасына айналған «Груффало» ертегісі тұңғыш рет қазақ тіліне аударылды. Ұлыбританияның Алматыдағы Haileybury мектебінде аталған кітаптың тұсаукесері өтіп, оқушылардың қатысуымен қазақ тілінде әзірленген «Груффало» қойылымы сахналанды.

«Груффало» ертегісі – қазақ тілінде

Груффало – әлемдегі ең сүйікті құбы­жықтардың бірі. 1999 жылы жа­рық көрген кітап бүгінге дейін миллион­даған оқырманның жүрегін жау­лаған таңғажайып туынды. Күлкілі де қы­зықты тілмен жеңіл баяндалатын Джулия Дональдсонның Груффало ертегісін танымал журналист, Оксфорд университетінің түлегі Ғалым Боқаш қазақ тіліне аударса, көркемдеген белгілі  иллюстратор Аксель Шеффлер. Ертегі Stepe&World баспасынан 2 мың дана таралыммен жарық көріп отыр.

– Ертегіні өз балаларым сияқты қазақтың барлық баласы білсін, көрсін деген мақсатпен ұсынып отырмыз. «Груффало» кітабының, оның кейіпкерлерінің қазақша сөйлеп жатқанына өте қуаныштымын. Ертегі Ұлыбританияда және басқа да елдерде балаларға ұйықтар алдында оқып беруге арналған ең үздік кітап деп таныл­ған. Өз балам да осы кітапты әлі күн­ге дейін жалықпастан сан мәрте оқып беруімді сұрайды, – дейді Stepe&World бас­­пасының директоры Раиса Сай­ранқызы.

Ертегі оқиғасы құйтақандай тыш­қан­­ның ойдан шығарған құбыжығы Груффало арқылы ормандағы қатерлі жауын қорқытудан басталады. Ең қызығы, құбыжықпен орманда кездесіп қалып, бар қызық сол тұстан басталады. Ұлыбритания халқы арасында кеңінен тараған бұл кітап миллиондаған данамен басылып, қырықтан астам тіл­ге аударылған. Груффало жайлы түсі­рілген мультфильм «Оскар» һәм BAFTA (British Academy film awards) сыйлықтарына ұсынылып, театр сахнасынан талай жылдан бері түспей келеді.

Қазақ тіліндегі жаңа фэнтези-жоба­лардың бірден-бір басты жеткізушісі саналатын «Steppe&World» баспасы 2017 жылыдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта Гарри Поттер көп серия­­лы романын ресми рұқсатпен бірінші болып қазақ тіліне аудару үстінде.