Әлемде айналдырған он бес жыл ішінде төрткүл дүние таңғалатын астана тұрғызған ел жоқ десек қателеспеспіз. Әрідегі Ақмола, күні кешегі Целиноградтың қандай қала болғанын халық біледі. Міне, осындай жүдеу қала орнына ажарлы Астананың бой көтеруі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен көсемдік көрегендігінің жемісі екені сөзсіз. Бұл – айқын ақиқат, тарихи шындық.
Сәулетті де көрікті ғимараттар салумен бірге, Астананы рухани дамудың орталығына айналдырудағы қадамдар арқылы ілгерілеушіліктің де іргетастары осы елордада қаланып жатқаны шындық. Жалпы, Астана қай жағынан өңірлерге өнеге ордасы болып отыр. Елордадағы көркі көз тартатын мәдени және әлеуметтік ғимараттар қатары жыл санап толыға түсуде. Басқасын былай қойғанда, жақында ғана пайдалануға берілген 3000 орындық «Астана Опера» опера және балет театрының өзі неге тұрады.
Батыс пен Шығыстың озық сәулет өнерін бойына жинаған Арқадағы ару қаланың келешегі кемел екеніне қазірдің өзінде көз жетіп, көңіл қуанады. Әр барған сайын ажары айшықтала түсетін елорданың бүгінгі даму қарқыны өңірлерді де ізінен ілестіруде деу орынды болмақ. Өңірлер Астанаға қарап бой түзейді, үлгі алады. Елорда тек сәулетімен ғана емес, еліміздің инновациялық жүрегіне айналуымен де өнеге болуда. Ғылым мен білімнің игі бастамалары да осынан арна тартуда. Астанадағы Назарбаев Университеті, Назарбаев зияткерлік мектебі ғылыми ізденістерге ізашар жасап отырған іргелі оқу орны ретінде қалыптасқаны белгілі. Облыстың орталығында Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып жұмыс істеуде. Бұл жастардың терең білім алып, еліміздің экономикалық даму мүмкіндіктерін жаңа сатыға көтеруге қызмет ететін болады.
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақаласында әлемде ғылым мен білім бәсекелестігі алғы кезекке шыққан қазіргі кезде инновациялық дамудың қажеттігі атап өтілуі тегін емес. Осы бағыттағы Астанадағы игі қадамдар өңірлерге үлгі-өнеге болады. Біздің Марат Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университеті астаналық әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Соның нәтижесінде оқу орнына қарасты емдеу орындарында осы заманғы медициналық қондырғылар орнатылып, күрделі операциялар жасауға қол жеткізіліп отыр. Бұрындары Астанада ғана жасалатын ең бір күрделі операцияларды өзімізде жасауға Астана ғалымдарының да қолдау-көмегі болғанын айту орынды. Болашақ дәрігерлерге сапалы білім, саналы тәрбие берудің заманауи тәсілдерін енгізіп, қолдануға бағыт ұстаудамыз
Қазір біздің университетте еңбек ететін 450-ден астам ұстаздың 40-тан астамы медицина ғылымдарының докторы, 180-нен астамы ғылым кандидаттары болып табылады. Биыл алғашқы түлектерін ұшырғанына 50 жыл толатын жоғары оқу орнында 5 мыңнан астам болашақ дәрігер оқиды. Соңғы жылдары университет түлектері ауылдық жерлерге барып, халықтың денсаулығын сақтауға үлес қосуға ықыласты бола түсуде.
Қазақстан қоғамының бірлігін нығайтуда, барлық этностар мен конфессиялар арасындағы достықты орнықтыруда Астана өңірлерге сәуле шашады, нұрын төгеді. Оны өзім еңбек ететін жоғары оқу орнындағы ізденісті қадамдардан, облыстағы жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардан көремін. Міне, бұл Астанадан арна тартатын іргелі істердің, мәдени дамудың өңірлерде жалғасын табатынына сендіре түседі. Елорданы өнеге ордасы деуім де сондықтан.
Сүйеш ЖАРМАҒАМБЕТОВ,
Марат Оспанов атындағы мемлекеттік
медицина университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты.
Ақтөбе.