Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2019

Шамалғанда теміржол көпірі салынады

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шамалған стансасындағы қайғылы оқиға әлі ұмытыла қойған жоқ. Теміржол бойында жүрдек пойыз бен жолаушылар автобусы қақтығысып, адам шығыны болған еді.

Шамалғанда теміржол көпірі салынады

Қайғылы жағдай үстінде аумақтың тұрғындары жергілікті билікке шағым айтьып, теміржол бойынан жаяу жүргіншілер көпірін салуды талап еткен болатын. Бүгінде ел тілегі бойынша көпір құрылысы басталды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасы бойынша көпір өткелін жобалау жұмыстары аяқталып, құрылысқа жан бітті. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 300 миллион теңге қаржы бөлінген.

-Жаяу жүргіншілер көпірі қазіргі автомобиль өткеліне жақын жерде орналасады, себебі, ұзақ жыл бойы адамдар дәл осы жермен жолдың арғы бетіне өтіп үйренген. Құрылыс жұмыстары «Tensar» компаниясының технологиясы бойынша жүргізіледі. Жаңа көпір жобасында мүмкіндігі шектеулі адамдар мен балалары, қоларбасы бар аналардың қозғалуына ыңғайлы болуы үшін екі жағынан лифт орнату мәселесі ескерілген, деді бізге облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Еске сала кетсек, 15 қыркүйек күні 19 сағат 30 минутта «Алматы –Қостанай» бағытына қатынайтын пойыз автобуспен соқтығысқан еді. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы үш адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген-ді. Оның екеуі бала, біреуі әйел адам. Бұл факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 345-бабының 3-ші тармағына сәйкес тергеу жүрді. Қазір зардап шеккендердің жағдайы жақсы.

Ал қазір басталған көпір құрылысы келесі жылдың мамыр айында аяқталып, қолданысқа берілмек.