Дауыс беру нәтижесі бойынша Нидерланд құрамасы мен «Ливерпуль» клубының қорғаушысы Виржил ван Дейк екінші орын, Португалия мен «Ювентус» командасының шабуылшысы Криштиану Роналду үздік үштікті түйіндеді. Футболшыларды марапаттау рәсімі Париждегі (Франция) Шатле театрында өтіп, Мессиді 2018 жылғы «Алтын доп» иегері Хорватия және «Реал» клубының жартылай қорғаушысы Лука Модрич марапаттады.
Месси 2019 жылы «Барселона» клубымен Испания чемпионатында топ жарса, Аргентина құрамасымен Америка кубогында қола жүлде иеленді. Сондай-ақ ол Испания чемпионаты мен Чемпиондар лигасының сұрмергені атанды. Биылғы маусымда Ұлттық құрама мен клуб сапында жалпы 54 матч өткізіп, 46 гол соққан. 17 рет әріптестеріне нәтижелі пас асырған.
32 жастағы аргентиналық футболшының бұл алтыншы «Алтын добы». Бұған дейін ол бұл марапатты 2009, 2010, 2011, 2012 және 2015 жылдары жеңіп алған болатын.
«Алтын доп – 2019» сауалнамасының рейтингі:
- Лионель Месси (Аргентина, «Барселона»)
- Виржил ван Дейк (Нидерланд, «Ливерпуль»)
- Криштиану Роналду (Португалия, «Ювентус»)
- Садио Мане (Сенегал, «Ливерпуль»)
- Мохаммед Салах (Мысыр, «Ливерпуль»)
- Килиан Мбаппе (Франция, «ПСЖ»)
- Алиссон (Бразилия, «Ливерпуль»)
- Роберт Левандовски (Польша, «Бавария»)
- Бернардо Силва (Португалия, «Манчестер Сити»)
- Рияд Марез (Алжир, «Манчестер Сити»)
Сондай-ақ Париждегі марапаттау рәсімінде төмендегі аталым бойынша жеңімпаздардың да есімдері белгілі болды:
«Жылдың ең үздік әйел футболшысы» – Меган Рапино (АҚШ)
«Жылдың ең үздік қақпашысы» (Лев Яшин сыйлығы) – Алиссон Бекер (Бразилия, «Ливерпуль»)
«21 жасқа дейінгі ең үздік жас футболшы» («Copa Trophy») – Маттейс де Лигт («Аякс»/«Ювентус», Нидерланд).