Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2019

Сарқандықтардың өнімі сыртқы нарыққа шығады

794 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Сарқан ауданы – нағыз аграрлы өңір. Ел-жұрт төрт түлік мал өсіріп, жер еміп, егін салумен күн кешуде. Әсіресе, қант қызылшасын өсіру қайта жанданып келеді. Биыл аудандағы шаруа қожалықтары тәтті түбір алқабының көлемін 2850 гектарға жеткізіпті.

Сарқандықтардың өнімі сыртқы нарыққа шығады

Табиғи өнім түгін тартсаң майы шығатын топырақтан алынады. Ал Сарқан өңірінің қойнауы табиғи нәрге бай. Осы топырақта өнген өнімге сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Әсіресе, шетелдік тұтынушылардың қызығушылығы артып келеді. Жыл басынан бері сарқандық шаруалардың 1245,8 тонна өнімін ресейлік және түркиялық кәсіпорындар тікелей сатып алыпты. Көкөніс пен түбірлі жемістен бөлек дәрілік шөпке деген тапсырыс үзілмеген. Майбұршақ пен дәнді дақылдар орыс еліне жөнелтілсе, дәрілік шөптің әр алуан түрі Түркияға тасымалданыпты.

Биыл Сарқан ауданындағы ішкі жолдарды жөндеуге жіті көңіл бөлінді. Яғни, аудандық маңызы бар көлік жолдарын жөндеп, күтіп ұстау жұмыстарына 336,6 млн теңге қаржы жұмсалған екен. Нәтижесінде, Сарқан қаласы, Бірлік, Черкасск, Шатырбай, Алмалы, Екіаша ауылдарының ішкі жолдарын ағымдағы жөндеу, қиыршықтас төсеу жұмыстары істелген.

-Жыл басынан бері Сарқан қаласының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алмалы ауылының Сейфуллин және Қонаев көшесіне жол жабындысы орташа жөндеуден өткізілді. Асфальт салынып, мүлде жөндеу көрмеген аумаққа қиыршықтас төселінді. Тағы бір жаңалығымыз, Балқаш көлі жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Келешекте бұл бағытта туризмді дамытуды қолға аламыз, дейді Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков.