Облыс әкімі Ермек Маржықпаев көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, инфрақұрлымдық желілерді жаңғырту бойынша алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Жаңа көпір Шоқан Уәлиханов көшесі мен Абылай хан даңғылын жалғайды. Нысан құрылысына 452 миллион теңге бөлініпті. Қалада жол жөндеу ісі де қарқын алған. Бұл бағытқа бөлінген қаржы көлемі 20 миллиард теңгеге жуық. Қаражаттың басым бөлігі Ресей мен Қазақстанның шекаралас өңірлерінің ынтымақтастығы форумына орай республика қазынасынан құйылған. Іргелі шараға әзірлік аясында Көкшетаудың көптен қордаланған мәселелері түбегейлі шешілмек.
Келесі көпір де таяу арада пайдалануға берілмек. Ол Қылшақтының Қопаға құяр сағасында салынып жатыр. Сондай-ақ Назарбаев даңғылы, элеватор мен 13-ші мектеп маңындағы 3 ескі көпір де қайта жаңғыртылады. Өңір басшылығы нысанның құрылыс сапасын оң бағалап, мердігерлер мен құрылысшыларға алғыс білдірді.
–Бұл Көкшетау қаласындағы ең үлкен көпір. Мұндай нысандар қала аумағында соңғы 40 жылда салынған емес. Көпірдің ені 32 метр. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтың өзі 3 метр. Бұл қала тұрғындарының игілігі үшін жасалған шаруа. Нысан стандартқа сай. Яғни, жүк көліктерін өткізуге мүмкіндігі бар,–дейді «Сервис НС» компаниясының көпір құрылысы бойынша меңгерушісі Виктор Казеный.