Шара басында ректор Такир Балықбаев пен «Астана» телеарнасының басшысы Құрманбек Жұмағали ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Кездесу барысында Құрманбек Жұмағали Абай атындағы ҚазҰПУ студенттеріне шеберлік сабағын өткізді. Танымал тілші өзінің жеке оқиғаларымен және кәсіби кеңестерімен бөлісті. Телеарна қызметі мен тілшілердің күрделі жұмысы туралы, әсіресе, белгілі бір бағдарламаны жүзеге асыру және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі қалыптастыру бойынша кеңестерін айтты.
Студенттерді кәсіби тілші қандай болуы керек деген сұрақ мазалады. Осы мәселе бойынша Құрманбек Жұмағали өз пікірін білдірді:
-Тілші ақпараттың «көмекшісі» болуы керек. Ол ақпаратты терең зерттеп, жетілдіруі керек. Рейтингке ұмтылу мақсатында адамдардың тыныштығын бұзатын хабарларды таратуға болмайды. Тілші үшін бірнеше сөзбен ақпаратты нақты жеткізе білу маңызды, ол барлығына түсінікті және қызықты болуы қажет.
Спикер ақпаратты дұрыс қабылдау, түрлі дереккөздерді пайдалану, құқықтық нормаларды білу керек екенін атап өтті. Барлық сұрақтарға студенттер Құрманбек Жұмағалидан толық жауаптар ғана емес, сондай-ақ нақты кеңестер алды.