Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2019

Қостанай облысында 10 айда тартылған инвестиция көлемі бұрнағы жылдардан асып түсті

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы облыс әкімі аппаратының мәжілісінде айтылды. Мысалы, 2016 жылы негізгі капиталға келген инвестиция көлемі  178,5 млрд теңге, 2017 жылы 202 млрд-тан астам теңге, 2018 жылы 249 млрд теңгенің сыртында болса, 2019 жылдың 10 айында  бұл көрсеткіш 226, 4 млрд теңгені құраған.

Қостанай облысында  10 айда тартылған  инвестиция көлемі бұрнағы жылдардан асып түсті

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Сапарбековтың айтуына қарағанда, жалпы көрсеткіші жоғары болғанымен, облыс өңірлерінде инвестиция тарту ісі тең емес.

«Мысалы, өткен жылғы он аймен салыстырғанда Рудный қаласы мен Қостанай, Амангелді, Жангелдин аудандарында инвестиция тарту төмендеген, оның есесіне Жітіғара, Меңдіғара, Қарабалық, Алтынсарин аудандарында инвестиция көлемі өскен» деді Олжам Сапарбеков. 2010 жылдан басталған Индустриализациялау мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста құны 150 млрд теңге болатын 91 жоба жүзеге асып, 6 мыңнан аса жұмыс орны ашылды.

Облыстың негізгі капиталына тартылған инвестициялық қаржының арқасында Қостанай қаласында Индустриалық аймақ пайда болды. Онда қазір 400 млрд теңгелік 15 жоба орналастырылған. «Беларус» және «Кировец» тракторлары құрастырыла бастады. Ауыл шаруашылығы саласында шетелдік әріптестермен бірлесіп қолға алған «Bio Grain» зауытының құрылысы жүріп жатыр. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдейтін болады.