Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2019

Алма бағы жайнаған «Атек Агро»

816 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жер жаннаты – Жетісу» деген атау өңірдің табиғи ерекшелігіне қарата айтылғаны анық. Шындығында Алатау бөктерінде өсетін жеміс-жидектің нәрі мен дәміне тең келетін нәрсе әлемде некен-саяқ шығар. Қазір аймақта мәуелі бақ пен саялы бақша өсіру дәстүрі жалғасып, табысты еңбектің көзіне де айналып отыр.

Алма бағы жайнаған «Атек Агро»

Бүгінде Алматы облысындағы жеміс бақтарының көлемі 23 мың гектар екен. Былтырғы жылы осы бау-бақшадан жиналған өнімінің көлемі 126 мың тоннаға жетіпті. Әсіресе, уылжып піскен алманың үлесі 85 мың тонна шамасында болыпты. Дерек бойынша, еліміздің ішкі нарығындағы алмаға деген сұраныстың 95 процентін жетісулық жеміс түрі қамтып отырған көрінеді.

Алма бағын баптап өсіріп, сапалы өнім алып отырған кәсіп иесінің бірі – Жамбыл ауданының тұрғыны Жанат Алтынғадысұлы. Ол басқаратын «Атек Агро» серіктестігі биыл 54 гектар жерге тамшылатып суаратын алма бағынан мол өнім алды. Алманың «Пинк леди», «Фуджи», «Грэнни смит», «Гала», «Голден делишес» сияқты танымал сорттары шыққан шығынды өтейтіндей жеміс берді.

-Алма бағына тамшылатып суару әдісін қолдануды тәжірибеге енгізгенімізге үшігші жыл болды. Бұдан өнімділік артады, шығын аз. Күтіп-баптауы дұрыс болса, әр гектардағы көшеттен 30-45 тоннаға дейін алма жинап алуға болады. Тамшылатып суару құрал-жабдықтары Израильден, жас көшеттер Түркиядан әкелінген, дейді «Атек Агро» серіктестігінің директоры Жанат Алтынғадысұлы.

Жалпы құны 850 млн теңге болатын бұл жобаның бір бөлігін «Аграрлық несие» корпорациясы қаржыландырса, қаражаттың қалған жартысы жеке кәсіпкердің үлесінде. Ал  алма бағы 75 адамды жұмыспен қамтып отыр.