Бүгін таңертең WhatsApp желісі арқылы «Тезірек терезелеріңізді жабыңыздар. ҮМЗ-де апат» деген ақпарат желдей есіп, қала тұрғындары арасында лезде тарап кеткен еді.
Түс ауа осы жәйтке байланысты Үлбі металлургия зауытының өкілдері түсініктеме берді. Олардың айтуынша, 2 желтоқсанда кәсіпорынның өндірістік қалдық үйілген аумағында жұмыс істеп жатқан 16 жұмысшының 11-інен «өзімізді нашар сезініп тұрмыз, басымыз айналып, жүрегіміз айныды» деген шағым түсіп, бірден ауруханаға жеткізілген. Келеңсіз жағдайдың неден болғанын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылыпты. Зауыт басшылығы жұмысшылар уланған аумақтың ауа құрамына зерттеу жүргізгендіктерін, алайда өнідірістік қалдық сақталған жерде шекті мөлшерден артық ауытқушылық анықталмағанын айтады. «Кешелі бері олар ем қабылдап жатыр. Ал жұмысшылардың денсаулығына неден зиян келгені бір-екі күнде зертханалық тексеруден соң нақты анықталады» дейді зауыттың бас инженері Сергей Бежецкий.
ӨСКЕМЕН