Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2019

Жаңа жүйе жасыл желекті жайқалта ала ма?

282 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Ақтөбе секілді өндірісті қаланың «өкпесі» қысылып тұрғаны ешкімге де құпия емес. Оның басты себебі – кәсіпорындардан шығатын зиянды өндірістік қалдықтардың көбеюі әрі оны сіңіріп алатын ағаштардың аздығы. Бұл мәселеге қанатын кеңге жайып келе жатқан, мегаполис атанудан үміткер қаланың «бір кем дүниесі» дегеніміз жөн болар.

Жаңа жүйе жасыл желекті жайқалта ала ма?

Тағы бір кереғар жайт, жыл сайын көктем мен күз айлар­ында мың­даған түп көшет отыр­ғызылса да, көп кешікпей көктей солып қу­рап қалатындығы. Сонда осыншама түп ағаш егілді деп алаулатып-жалау­латудың қандай қажеті бар? Тал то­пыраққа шаншылған соң, оған тиісті күтім жасалып, уақытында суарылып тұруы тиіс қой. Екіншіден, Ақтөбе қаласында бұрыннан бар кәрі ағаштар шіріп, әртүрлі өсімдік дертіне шалдыққаны бөлек бір әңгіменің еншісі. Өңір­де оны ретке келтіретін кәсіби мамандардың тапшылығы мен дендрологиялық зерттеу­лер­дің жоқтығы да алаңдатпай қой­майды.

Болашақта еліміздің батыс өңі­ріндегі ірі шаһардың жасыл бел­деуін орнықтыру ісі қандай жолдар­мен жүзеге аспақ? Бұл салмақты са­уалға орай ең алдымен айтары­мыз, қазіргі кезде мұнда жасыл же­­лекті сандық жүйе арқылы тү­ген­­­деу және құ­жат­­­тандыру жөнінде арнайы стра­те­гиялық жоба белгіленген. Жобаның аты – жоба, түпкілікті шешім емес. Сондықтан да Ақтөбеде та­би­ғат жанашырлары мен қоғам бел­сенділері оның мен тиімділігі немесе басы артық шығын екендігі жөнінде әртүрлі ой-пікір өрістетуде. Ең алдымен айтарымыз, аталған ауқымды жоба ресейлік, яғни Мәскеуден арнайы шақырылған мамандардың көмегіне сүйене отырып жасақталғаны.

Мәскеу педаго­ги­калық мем­лекеттік универ­ситетінің доцен­ті Екатерина Чер­няева Ақтөбе қала­сында өткізіле бастаған қоғамдық тың­даулар кезінде ағаштарды түген­деу мен құжаттандыру жү­йесі Ресей астанасында жақсы нәтиже бергенін атап көрсетті. Оның айтуынша, мұнда бәрі де ескерілген. Мысалы, әр ағашқа бір реттік суару кезінде әрі жаз уақытында қанша су керектігі мен тыңайтқышты енгізудің мөл­шері көрсетілген. Аталған жүйе бүгінге дейін жетіл­діріліп келеді. Мұның бас­ты мәнісі, қаладағы әр ағаш пен бұта арнайы картаға енгізіліп, тиісті нөмірге ие болатынында. Ағаш­тың тегі мен түрі, жасы және диа­метрі, биіктігі, барлық деректері ті­р­­­келеді. Мәскеулік мамандардың мә­­­лімдеуінше, қаланың әр түк­пірінде ор­наласқан қарағаштарда кездесетін ауруларды анықтауға да аталған жү­йе көмегін тигізе алады. Қысқасы, ағаш­тарды күту мен баптауға қатысты жұ­мыс­тарды сапалы әрі жүйелі көз­қа­рас негізінде жоспарлауға то­лық негіз бар. Аталған жүйе жағ­да­йын­да оны шабуға немесе кесу мен қырқуға мүлде болмайды. Бұл іс қажеттілікке қарай тұрғын үй-ком­муналдық ша­руашылығы өкілдерінің рұқсаты бойынша атқарылмақ.

Сөйтіп Ақтөбеде алдағы уа­қыт­та ағаштарды есепке алудың элек­­тронды базасы құрылып, қа­ла аума­ғындағы жасыл желек қатаң ба­қылауға алынбақ. Бұл іс өз кезегінде техникалық мүм­кіндіктерді одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Түгендеу мен есепке алу дегеннен шығады. Соң­ғы кезде Ақтөбе қаласында ағаш пен тал-теректің жай-күйі және сан мен сапасы жөніндегі деректерді жинақтау ісі мүлдем назардан тыс қалыпты. Бұл жайт жасыл желекті бап­тауға бөлінетін қара­жатты тиім­ді түрде жұмсауға кедергі кел­тірмек.

Қоғамдық тыңдау кезінде Ақ­төбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров тал-теректі сандық жү­йе арқылы тү­­гендеудің бірнеше пай­далы жақ­­тары бар екенін айтты. Бірін­шіден, бұл соңғы уақытта ұмыт қалған статистикалық есеп үшін қажет болса, екіншіден, қаланың жа­­сыл белдеуін жетілдіру мен қа­­лыптастыруға да тигізетін жәр­­­демі мол, үшіншіден, қалада тұр­ғызылатын жаңа нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысын айқын жобалауға да жол ашылады. Е.Черняеваның сөзінше, ұсы­нылған жоба ғылыми негізге арқа сүйейді. Осы арқылы су және энергия мен ең­бек ресурс­тарын үнемдеуге мүм­кіндік тумақ.

Қоғамдық тыңдаулар барысында бұл мәселеге қатысты өзге маз­мұнда ұсыныс-тілек білдірген ақтөбеліктер де бар. Солардың бірі, орман шаруашылығы ісінің кәнігі шебері, Ақтөбе орман шаруашылығының бұрынғы директоры Карен Айжарық жаңа жобаға біржақты көзқарас тұр­ғысынан қарай алмайтынын жет­кізді. «Өйт­­кені бір кезде осыған ұқсас тә­жі­рибені қолға алып, біраз іс-әре­кет жасап көргенімізбен нақ­ты нә­тиже шықпады. Менің ойымша, ағаш­тарды нөмірлеп қойғаннан гөрі, нақты оқу орындары мен кәсіпорындарға, мекемелерге бекітіп берудің пайдасы көбірек. Мұндай жағдайда аталған іске бюджеттен бөлінетін қаражатты үнемді жұм­сауға жол ашылады. Сонда қара­жат тек тыңайтқыш әзірлеу мен кө­шеттерді сатып алуға жұмсалады», деді ол. Сондай-ақ өңірдегі жасыл желек өсіру мен дендрологиялық ахуалды жақсарту ісіне енжар қарай алмайтын жергілікті мамандар мен ғалымдар ресейліктер ұсынған жобада оны кешенді түрде іске асы­руға қажетті басты фактордың ескерілмей қалғанын мәлімдеді. Бұл жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу мен құжаттандыру ісі аяқталған соң оны күту мен баптау ісін нақты кімдер атқаратындығы, ең бастысы, оған жұмсалатын су мөлшері қандай көздерден келетіндігі жөніндегі мәселеден туындайды.

Бүгінде өздері жеткілікті су көз­деріне зәру Ақтөбе және Сазды су қоймалары бұл қажеттілікті өтей ала ма? Өңірдегі табиғат жан­ашырлары осыған алаңдайды. Мәскеуліктер ұсынған жоба бұл мәселенің түбегейлі шешімін қолға ұстата қоюы екіталай десек ше? Ақтөбе қаласындағы жасыл желекті сандық жүйе арқылы түгендеу өте қажетті жоба. Әйтсе де тал-теректерді суару мен күту жө­­нін­дегі оңтайлы шешімдер осы бастан қолға алынбаса, пайдасы мол деп есептелген бастама жартыкеш күйінде қалып қоюы әбден мүмкін. Тағы бір қынжыларлық жайт, облыста қазіргі су қойма­ла­рында жинақталған азын-аулақ су мөлшерінің өзі зиянды химиялық элемент – бормен ластанған. Себебі аталған су қой­маларына бор концентрация­сы қала маңындағы Елек өзені арқылы түседі. Бұл келеңсіздік көктемгі су тасқыны кезінде ерік­сіз болатыны айтпаса да тү­сінікті. Шамамен бұл уақыт екі-үш аптаның аралығын қамтиды. Орын алатын жайттардың күрделі сипат алатыны соншалық, тө­тенше жағдай кезінде оны реттеу жүйесін ойластырудың өзі мүмкін болмай қалады екен. Сөй­тіп бормен ластанған сумен қо­ректенген ағаштар бой жазып өсе алмай қалатыны әрі әртүрлі өсімдік дертіне шалдығатыны белгілі болып отыр. Оның үстіне топырақтанушы мамандар Ақтөбе топырағы құнарының төмендігі ағаштардың көкке бой созып өсуіне кері әсерін тигізеді деп есептейді.

Яғни, ағаштарды суарудың балама жолдарын ойластыру қа­жеттілігі алдан шығады. Оған өңірдегі ауызсудың басты кө­зі Көкжиде жерасты су көздерін пай­­далануға болар ма еді... Жал­пы, бүгінгі су қоймалары өңірдің тех­­никалық суға және ағаш пен бау-бақшаны суаруға деген қа­жеттілігін өтей алмай жүргенін айтуға тиіспіз. Осы орайда бұған дейін облыс аума­ғында 10 жаңа су қоймасын салу жөніндегі мәселелер жиі айтылатын. Кейін­нен бұл әңгімелердің естіл­мей кеткеніне де куәміз. Оның бір себебі Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігіне қарасты Су ре­сурс­тары ко­митеті аталған су қоймаларының нор­мативтік-сме­талық құжаттарын әзірлеуді кешіктіргенінен болды.

Ақтөбеде ағаштарды күтіп-баптау мен өсіруге байланыс­ты орын алып жүрген келеңсіз көріністерді де ай­та кеткеніміз орынды. Бұл – ағаштарды аяусыз қырқып кес­кен­нен кейін томар болып қала­тыны. Ботаника мамандары кәрі теректердің екінші тынысын ашуы және жас өскіндердің пайда болуы үшін қажет кезде осы іспетті өңдеу тәсілін қолдана алады. Әйтсе де қалада бұл істі жетік меңгерген кәсіби мамандар емес, көп жағдайда бағбандыққа қатысы жоқ, оған үш қайнаса  сорпасы қосылмайтын көлденең көк аттылар атқарып жүр­гені де анық байқалады. Себебі белгілі бір компания тендерлік конкурста ұтып шығады да, ағаштарды реттеудің жөні осы екен деп, жыртқыштық әрекеттерге бой ұрады. Өйткені аталған кәсіпорында тал-теректі күтудің жай-күйін же­тік білетін мамандар жоқ, дейді қала әкім­дігіне қарасты тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, абаттандыру, кө­галдандыру және санитарлық та­залық секторының меңгерушісі Хасен Юсупов.

Бұл көрініс облыс орталығында қажетті мамандар мен дендролог­тардың мүлдем жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан да қалада атал­ған мамандыққа бейімдеу мен қайта оқытып әзірлеу жұмыстары шұғыл қолға алыну қажет. Сондай-ақ бұл іс қала тұрғындарының ұдайы бақы­лауында болғаны жөн.

Түйіп айтқанда, Ақтөбені жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жобаның өміршең екені анық. Осы орайда жауап­кершілігі мол іс жан-жақты, ке­шенді сипат алған жағдайда ғана нәтижелі болатыны назардан тыс қалмаса екен демекпіз.

 

АҚТӨБЕ