Қоғам • 04 Желтоқсан, 2019

«Жедел жәрдем» жедел ме?

265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауру айтып келмейтін апат. Ағза деп аталатын тылсым «аппараттың» бір тіні мен тетігі кенеттен бұрыс белгі берсе, ағзаның иесі – адам­ды қалпақтай ұшырып тү­сі­ре­тіні анық. Жан алқым­ға келген мұндай қиын кезде «Алладан» соң ауыз­ға ілігері – «Жедел жәрдем». «Жедел жәрдем» қыз­метін жаңғырту-жетіл­діру үшін Денсаулық сақтау минис­тр­лігі 2018 жылы «Жедел жәрдем» қызметі ереже­сіне бірнеше өзгеріс енгіз­ді.

«Жедел жәрдем» жедел ме?

Жедел дәрігерлік қызметтің сапасын арттыру мақсатындағы өзге­ріс­тер күн тәртібінде тұрған болатын. Өйткені елімізде «Жедел жәр­дем» қызметінің сапасы мен оның салда­рынан орын алған бірқатар ке­лең­сіз жағдай аталған салаға жаңа реңк беру қажеттігін ұқтырды. Мә­лімет­тер­ге сүйенсек, Қазақстанда «Жедел жәрдем» қызметіне қоңырау шалушылар саны бір тәулікте 2 жарым мыңға жуықтаса, жыл сайын шақырту көлемі артып келеді. Мысалы, 2017 жылы 7 миллион 800 шақырту түскен. Алайда елімізде заманауи жабдықталған жедел жәрдем көліктері жетіспейді.

 Маңғыстауда «Жедел жәрдем» жайы қалай?

Халқының саны арта түскен Маң­ғыстау облысында дәрігерлік қызмет, ден­саулық сақтау қызметі сапасын жан-жақты жетілдіру – өзекті тақы­рып.

«Жедел жәрдем» қызметіне қатыс­ты сан алуан пікірлер мен өкпе-реніш­тер де айтылмай қалмайды. Сала қыз­метіндегі ахуал туралы «Өңір­лік ком­­муникациялар қызметі» алаң­ын­да өткен брифингте Маңғыстау облыс­тық жедел жәрдем стансасы директоры Рақымжан Елтаевтан білдік.

Оның айтуынша, 2019 жылдың 10 айында Маңғыстау облысы бойын­ша жедел медициналық жәрдем қызметі 233 460 шақырым жол жүрді. 2019 жылдың 10 айының қоры­тын­ды­сы бойынша шұғыл меди­ци­налық көмек көрсетудің екі деңгейлі моделін енгізу нәтижесінде пациентке жету уа­қыты айтарлықтай қысқарған, мысалы 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылдың шілде айында науқасқа келу уақыты 25-тен 18 минутқа дейін қысқарған екен.

– Шұғыл медициналық көмек көрсе­тудің халықаралық стандарттарын ен­гізу жалғасты. Осылайша 2018 жыл­мен салыстырғанда медициналық көмек көрсету сапасын арттыру пара­мет­рі 2019 жылдың 10 айында сәтті реа­нимация көрсеткіші 20,9%-ға арт­ты, 2018 жылы бұл 15%-ды құра­ды. 2017 жылмен салыстырғанда 2019 жылдың 10 айында 245 өлімге төмен­де­ді, – деді Р.Елтаев.

Жүргізілген жаңғыртудың тағы бір нәтижесі – созылмалы аурулары бар пациенттерге емханалар қызметінің жақсаруы. Бұл туралы созылмалы ауру­лардың асқынуы себебінен жедел жәрдемді шақыру жағдайлары саны­ның төмендеуі куәландырады. Жыл басымен салыстырғанда желтоқсан айы­ның соңында осындай шақырулар саны 55410 оқиғаға қысқарған.

– «103» қызметінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді. 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылдың қорытындысы бойынша медициналық жабдықтармен жабдықтау 20%-ға артып, 70%-ды құрады. 2017-2018 жыл­дармен салыстырғанда GPS-нави­га­циямен жабдықтау жағдайы жақсар­ды. Көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 21,2%-ға артты және 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 73,2%-ды құрады. Сондай-ақ санитарлық көлікпен қамтамасыз ету артты: 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бұл 75%-ды құрады, – дейді Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасының директоры Р.Елтаев. Сондай-ақ қанатқақты жоба шеңберінде стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде мамандарды оқыту, стандарттарды енгізу, редизайн және қайта құру, материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсар­ту сын­ды жаңа форматты жұмыс бастал­ды.

 «Жедел жәрдемнің» жолы неге бөгеледі?

Мекеме басшысы келтірген мәлі­мет­тер салада жасалып жатқан жұ­мыс­­тардан хабардар етеді. Әрине, «біткен іске» қуана білген жақсы. Алай­­да тұрғындар арасында жедел меди­­циналық қызметтің сапасына сын айта­тын­дар жоқ емес. Уәж сол баяғы – кешігу...

Мекеме басшысы Р.Елтаевтың айтуын­ша, жарық жоқ және көше атау­лары, үй нөмірлері, пәтерлерде домофондардың жұмыс істемеуі «Жедел жәрдем» қызметіне қолай­сыз­дық тудырса, жолдардағы жүр­гі­зуші мә­де­­ниетінің сақтал­мауы же­дел медициналық жәр­дем­­нің қаты­­суы­мен болған жол-көлік оқиға­сы­на әкеліп соғады екен. Сондай-ақ елді мекендердегі жолдардың сапа­сыздығы, түнгі уақытта көше­лерді жарықтандырудың жеткі­лік­сіз­дігі – алыс аудандардағы ғалам­тор, ұялы байланыс қызметінің жеткі­ліксіздігі жедел медициналық қыз­мет бригадасының келу уақытын тө­мен­детеді.

«Жедел жәрдем» қызметі қалада, аудан орталықтарында белсенді бол­ған­мен, Маңғыстаудың алыс ауылдарында алаңдатарлық жағдай көп. Жаз мезгілінде Бейнеу ауданының алыс ауылына қыдырып барып аяқ астынан қатты сырқаттанған адамға «Жедел жәрдем» таба алмай дағдарғанымыз есте. Ауылдық әкімшілік құрылымына сай қимылдайтын көрші ауылдар бір-біріне сілтеп уақыт созғаны – нау­қас­қа жанашырлықтың емес, қатып қал­ған «тәртіптің» маңыздырақ екенін ұғын­дырған. Демек, ауылдық жерлердегі аталған сала қызметін арттыру қажеттігі аңғарылады.

 

Маңғыстау облысы