Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2019

Жезқазғанның «Дидары» алпыстың асқарын бағындырды

667 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мысты қала Жезқазғанның мақтанышы – «Дидар» телеарнасының құрылғанына 60 жыл толған мерейтойы киелі Ұлытау-Жезқазған өңірінде кеңінен аталып өтті. Қазақ телевизиясының алғашқы қарлығаштарының бірі санатында аталып жүрген мекемедегі әріптестерінің салтанатты сәтінің қуанышын бөліспекке алыс-жақыннан қадірлі қонақтар да мол келді.

Жезқазғанның «Дидары» алпыстың асқарын бағындырды

Өткен тарихына ерекше мән беретін дидарлықтар салтанатты шараның бас жағында кезінде мекеме қабырғасында еңбек еткен, бүгінде өмірден өтіп кеткен ардагерлерді құрметпен еске алып, тағзымның өнегелі үлгісін көрсетті.

Мерейтойдың ашылуында Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов құттықтау сөз сөйлеп, «Дидар» арнасының дирек­торы Базарбай Әлеухан­ұлына телеұжымға арналған ақшалай сертификатты табыс етті. Сонымен қатар қала басшысы «Жезқазған қаласына – 65 жыл» мерекелік медалімен Са­пабек Абайділденов, Әсия Айдарбекова, Шұға Нұр­мағам­бетова, Тоғанбай Құл­манов, Аманжол Үсенов, Жұпар Әлке­нова сынды ардагерлерді марапаттады. Ал ардагерлердің тағы бір тобы – Мақсұт Сексен­баев, Ирина Келлер, Аманкүл Арымбековаға құрмет грамоталарын табыс етті.

Сондай-ақ Қарағанды облыс­тық ішкі саясат басқармасының идеологиялық жұмысты ұйым­да­с­тыру бөлімінің басшысы Әйгерім Исбекова өңір басшы­сы Жеңіс Қасымбектің құт­тық­тауын жеткізіп, телеарнаның бір топ қызметкерін облыс әкі­мі­­нің құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың ара­­сын­­да телеарнаның бүгін­гі қыз­меткерлері Махмұд Сексен­баев, Төлеш Сүлей­менұлы, Мақпал Орын­бетова, Елдос Кәкенов, Базарбай Әлеу­хан­ұлы болды.

Бұдан кейін сахна төріне осы тойға арнайы келген қо­нақ­­­тар көтеріліп, телеарна ұжы­­мына ақжарма тілектерін ар­на­ды. Мысалы, Қазақстан Жур­на­­лис­тер одағының төр­аға­сы Сейіт­қазы Матаев «Дидар­ды» ұзақ жыл абыроймен басқа­рып келе жатқан Базарбай Әлеу­хан­ұлын «Қазақстанның Құр­метті жур­налисі» атағымен марапат­тап, білікті басшы, мықты ме­нед­жерге лайықты құрмет көр­сетті.

Құттықтау тілектерінің ара-арасында мерейтой қонақтары ал­дында арнайы келген және жер­­­гілікті өнерпаздар күй тартып, ән шырқады, би билеп кө­рер­­мен қауымның көңілін кө­тер­ді. Әсі­ресе тойшыл қауым қа­зақ­қа танымал әнші Қорабай Есе­нов­тің, дәулескер күйші Жан­ғали Жүз­баевтың және «Мақпал» ан­самблі бишілерінің өнеріне тәнті бол­ды.

Телеарнаның бұл тойында Ұлытау-Жезқазған өңірінде «Дидар» деген есімді иеленген жас буынның бір топ өкіліне құрмет көрсетіліп, лайықты сый-сыяпат жасалды. Сонымен қатар бояуы кеуіп үлгермеген «Ұлы даланың «Дидары» атты естеліктер жинағы да мерейтой аясында тындырылған үлкен шаруаның бірі болды. Ал ақын Руслан Нұрбай мен композитор Қанат Мұрсәлімов жазған «ЖезДидар» әнін мерейтойға жиылған қауым ұжымның ән­ұраны ретінде қабылдап, ыстық ілтипаттарын білдірісті.

Жалпы, «Дидар» телеарна­сының мерейтойы салтанатты шарамен ғана шектеліп қал­­­­ма­ды. Бағдарлама аясын­да жур­налистиканың май­тал­ман мамандары мен Ө.Бай­қо­ңы­­ров атындағы Жезқаз­ған уни­верситетінің студент­тері ара­сында кездесу ұйым­дас­­тырылып, шарапаты мол шара өтті. Бұдан бөлек, телеарна­ның баспасөз клубында «Қа­зір­­гі кезеңдегі аймақтық теле­­арна­лар: теория және тәжі­рибе» тақырыбында өткен кон­ференция да мерейтой бағ­дар­ламасының мазмұнын арт­­тыра түсті. Ал Ұлытауда ұйым­дастырылған «Ішкі ту­ризмді қалыптастырудағы бұ­қа­ралық ақпарат құралының рөлі» атты көшпелі кеңес бары­сында салтанатты шараға арнайы келген журналистер мен аталған ауданның әкімі Берік Әбдіғалиұлы арасында сали­қалы әңгіме өрбіді.

Міне, алпысжылдық асуы ел ішін­де осындай мазмұнда аталып жатқан тұста телеарнаның тарихы туралы да аз-кем айта кетуді жөн санадық. Тамырлы теле­арнаның өткен тарихын­да атауы мен мәртебесі бірнеше мәрте өзгертіліпті. Атап айтқан­да, 1959 жылы қарапайым ғана әуесқой студия болса, арада бір жыл өткенде Жезқазған телевизия студиясы мәртебесін алған екен. 1973 жылы облыстық телевизия және радиохабарлары жөніндегі комитет деп аталды. 1991 жылдан бастап Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясы болып өзгертілген. Ал 1997 жы­лы «Дидар» қалалық телевизия каналы деген атауды ұстап қалды.

Иә, «Дидардың» тарихы­на көз жүгіртсек, телеарна өзі­­нің тамырын Жезқазған тау-кен металлургиялық комбина­тын­­дағы электр цехының ин­женерлері Б.Длугач, А.Тро­шин құрған шап-шағын әуес­қой студиядан тартады екен. Алғашқы хабарын 1959 жылдың 5 қыр­күйегі күні металлургтердің мә­дениет сарайынан таратқанда, бұл оқиға қаланың мәдени өмірін дүр сілкіндіріпті. Қарапайым инженерлердің игі бастамасын қалалық партия комитеті мен оның басшысы қызу қолдап, көп ұзамай әуесқой студия Жез­қазған телестудиясы болып құрылып, мемлекеттік тіркеуден өткен.

Телеарнаның алғашқы директоры болып Керімбай Көпбаев қызмет еткен. Одан кейін ме­кемені әр жылдары Зиновий Шкун­дин (1964-1970 жж.), Рақым­бай Жұматаев (1970-
1985 жж.), Сә­бит Байдалин (1985-1997 жж.) бас­қарды.

Ерекше айтуға тұрарлық бір жайт, «Дидар» телеарна­сы елі­мізде алғаш болып құрыл­ған телевизиялық студиялар қатарынан орын алады. Нақ­тырақ айтсақ, 1958 жылы елі­міз­де тұңғыш рет Алматы жән­е Қарағанды қалаларында теле­визиялық студиялар ашылып, хабар тарата бастайды да, арада бір жыл өткенде сол кез­дегі шағын қала Жезқазғанда әуес­қой студия құрылады. Яғни, бү­гінгі «Дидарды» еліміздегі үшін­ші болып құрылған телеарна деп сенімді түрде айтуға болады.

Алпыс жылдың жүгі артылған тарихында «Дидар» телеарнасы талай ауыртпашылықты басынан өткерген. Тіпті, тағдыры қыл ұшында тұрған кездері де бо­­лыпты. Әсіресе Жезқазған об­­лысы таратылған тұста теле­ар­на дүние-мүлкінен айырылып, қарызға белшеден ба­тып, жабылудың аз-ақ алдында тұрған. Міне, осындай қиын-қыстау кезде мекеменің тіз­гінін қолына ал­­ған Базарбай Әлеу­ханұлы бірер жыл­дың ішін­де телеарнаның ауған жүгін түзеп, бүгінгідей бо­лып-толған қалпына жеткізе білді.

«Дидар» телеарнасында әр жылдары өз ісінің нағыз майтал­маны санатындағы мамандар еңбек етті. Мысалы, белгілі ақын Жүр­­сін Ерман мен оның зайы­бы Бақытжамал еңбек жолын осы мекемеде бастаған. Бұдан бө­лек, қарашаңырақта Сапабек Мыр­­­затов, Ескен Хасенов, Сай­­­лаухан Нәкенов, Аманжол Үсе­нов, Жанбау Бірманов, Га­ли­на Драговоз, Сара Ысқа­қова, Рая Баймағанбетова, Шұ­­ға Нұр­мағанбетова, Әсия Ай­дар­ханова, Нес­кен Бите­нова, Ва­лентина Голо­вина, Петр Се­востьянов, Мах­муд Сек­сенбаев, Мақсұт Сек­сенбаев, Ду­лат Әбіл­дин сынды кәсіби маман­дар жұ­мыс істеп, теле­арна жылнамасын өз қол­дары­мен жазған.

Қазіргі таңда Жезқазғанның «Дидары» халық пен биліктің арасында дәнекерлік қызметін адал атқарып, Жезқазған-Ұлы­тау өңірімен ғана шектеліп қал­май, IDTV жүйесі негізінде ел кө­ле­мінде хабар тарататын тұғыр­лы һәм тамыры тереңге кеткен теле­арнаға айналған.

 

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы