- Байқаудың басты мақсаты – Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалары аясында жас зерттеушілердің назарын өзінің туған өлкесіне, ауыл мен қала тарихына аудару болды. Осылайша, өз өлкесін ерекше сүйетін, оның өткенімен мақтанатын патриоттарды тәрбиелеу, білім алушылардың ғылыми ойлау және зерттеу қабілеттерін дамыту да басты назарда. Байқауға мектеп оқушылары белсене қатысты. Сөйтіп, қорытынды сынға облыстың 9 ауданы және Орал қаласының білім мекемелерінен 23 үміткер қатысты, - дейді осы байқауды ұйымдастырушы Тілдерді дамыту басқармасының жауапты қызметкері Зәмзәгүл Ғаббасова.
Орта буын мектеп оқушыларының балаң жұмыстары болса да байқауға Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қазылық етті. Тарих ғылымдарының кандидаттары, танымал тарихшылар Бақтылы Боранбаева мен Альфия Байболсынова, филология ғылымдарынан PhD доктор Айдарбек Ақболатов жас зерттеушілердің анықтамалық әдебиеттерімен жұмыстанудағы білігі мен дағдысын, қорыту тәжірибесін, жазу шеберлігін, туған өлке тарихының ақпараттық-талдау материалдары жүйесін құру және жүргізудегі ізденісін лайықты бағалады.
- Оқушыларға олардың жетекшілері, ұстаздары барынша көмектескені байқалады. Байқауға келіп түскен жұмыстардың көпшілігі ономастика тақырыбына, жер атауларының тарихына арналған екен. Шипалы Әлжан сор туралы, көне құлпытастар тарихы хақында зерттеу жасаған оқушылар да бар. Әрине, бұл балғын зерттеушілердің тырнақалды туындылары ғой. Оларға сәттілік тілейміз, - дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Сабырғалиқызы.
Сонымен, білім мен таным бәйгесінің бас жүлдесін – Қаратөбе ауданы Алакөл негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Ұлпан Сұлтанғалиева жеңіп алды. Бірінші орын – Теректі ауданы Долин жалпы орта білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Саида Кабышеваға бұйырса, қос екінші орынды Бәйтерек ауданы Камен жалпы орта білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Дарья Стребкова мен Бөрлі ауданы Ақбұлақ мектеп-балабақша кешенінің 7-сынып оқушысы Даянна Тоқтасын иеленді. Үш үшінші жүлдені Ақжайық ауданы Ғабдолла Махамбетов атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Диляра Сәрсенғалиева, Қазталов ауданы Ақпәтер орта жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Әдемі Айтқали және Орал қаласы №35 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ксения Доля бөлісті. Ал Сырым ауданында В.И.Шубин атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Асылай Тұяқова мен Орал қаласындағы №42 «Ақниет» гимназиясының 8-сынып оқушысы Шалқыма Жүніс арнайы сыйлыққа ие болды. Байқаудың барлық жеңімпазы арнайы дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Батыс Қазақстан