Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2019

Жетісудың «Электронды жер картасы» жаңарды

543 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес биыл көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 проценті электронды жүйеге көшуі керек. Сатылап енгізіліп жатқан жаңа жүйе бойынша келер жылы бұл үрдіс ілгерлеп, электронды құжат айналымы 90 проценттен кем болмауы тиіс.

Жетісудың «Электронды жер картасы» жаңарды

Бұл бағыттағы жұмыс Алматы облысында қарқын алуда. Оның ішінде, аймақтың жер қатынастары саласындағы қызмет түрлерінің цифрлы жүйеге көшуі бір ізге түсті. Атап айтқанда, 2015 жылдан бері облыстың «Электронды жер картасы» әзірленіп, толықтырылуда. Енді өңірдің әр тұрғыны жер телімдері мен басқа да жерге қатысты толғақты мәселені осы электронды картаны қолдана отырып шеше алады. Бұл қызмет «Өңірлік геоақпараттық жүйе» аясында ашық әрі қолжетімді бола түсті.

- «Электронды жер картасында» облыстың әр аудан, қаласындағы кез келген жер учаскесінің нысаналы мақсаты, категориясы, аумақ көлемі, шекарасы, инженерлік желілерінің бар-жоқтығы, кадастрлық нөмірі, тіпті қандай құжаттың негізінде рәсімделгеніне дейінгі барлық мәліметтер анық жазылып тұрады, - дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қуанышбек Қашқымбаев.

Ал «Өңірлік геоақпараттық жүйе» қызмет көрсету саласындағы деректер мен кадастрлар базасын бір жерге шоғырландырады. Соның нәтижесінде жер қатынастары мен сәулет және қала құрылысы салаларындағы мемлекеттік қызметтің жалпы 22 түрі электронды түрге көшірілмек. Қазір бұл жоба Қапшағай, Талдықорған, Текелі қалаларында тәжірибеден өтіп, нәтижесін бере бастады. Жалпы, цифрлы жүйеге көшу жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімін 1 жылдан 30 күнге дейін,ал сәулет және қала құрылысы бағыты бойынша 100 күннен 10 күнге дейін қысқарып, келушінің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

 

 

Алматы облысы