Қоғам • 04 Желтоқсан, 2019

Қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін басшылар қызметтен кетеді

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жайында баспасөз-конференциясы барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов баяндады. 

Қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін басшылар қызметтен кетеді

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойғаны белгілі.

«Бұл Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы тың жаңалық. Аталған заңның қабылдануы -  мемлекетіміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңін бастады деп айта аламыз. Бүгінгі күні басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді»,- деді Мирлан Мұхамбетов.

Баспасөз мәслихатындағы ақпаратқа сәйкес саяси мемлекеттік қызметшілер – министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса міндетті түрде отставкаға шығуға сұрануы керек.

Аталған талаптың орындалуы үшін соттың айыптау үкімі немесе немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы жетіп жатыр.

Ал егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық басқа басшылардың қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар, аталған заңнамада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын елемеген басшыларға да қатысты тәртіптік жазаның бар екендігі айтылды.

«Үшінші жаңашылық – нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы енгізу институты қайта жандандырылды. Бұл механизм заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді»,- деді Департамент басшысы.