Қоғам • 04 Желтоқсан, 2019

Балалар арасындағы бұзақылық көбейіп барады

506 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында мектеп инспекторларының жетіспеушілігі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюіне себеп болып отыр. Қазір аймақтағы 760 білім беру мекемесінде бар болғаны 182 полиция уәкілі жұмыс істейді екен.

Балалар арасындағы бұзақылық көбейіп барады

Бұл жайында Талдықорған қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және оларды құқықбұзушылықтан қорғау мәселесі талқыланған отырыста облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Мұрат Ұрұмханов мәлім етті.

- Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4,3 процентке көбейгені байқалды. Яғни, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген жедел іс-шараларға қарамастан жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Полиция осы мерзім ішінде 4 рет «Жасөспірім» шарасын, 3 мәрте «Түнгі қаладағы балалар» акциясын өткізді. Ол бойынша кәмелетке толмаған баласын қараусыз жіберген 4 мыңға жуық ата-анаға әкімшілік айыппұл салынып, 66 ойын-сауық орталығының иесі жауапкершілікке тартылды, - дейді облыстың бас полицейі.

Жиында мектептердегі бейнебақылау камераларының жұмысына қатысты да сын айтылды. Қазір білім беру нысандарында 15 860 бейнебақылау құрылғысы іске қосылған. Алайда, камералардың дені ескірген. Көптеген құрылғы бір бағытты ғана бейнеге түсіреді. Олардың жазбаларын қарап, сұрыптап отыратын арнайы маман тағы жоқ. Сол себептен де мектеп ішіндегі бала құқының бұзылуы назардан тыс қалып жатады.

Айтпақшы, облыстағы үш жүзден астам мектептің дәретханасы ғимарат ішінен тысқарыда орналасқан екен. Оқушылардың жылы әрі қауіпсіз дәретханаларға жақын мерзімде қол жеткізуі тағы неғайбыл.

 

 

Алматы облысы