Руханият • 04 Желтоқсан, 2019

Әлтидің қыстауында...

1134 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан жүз жыл бұрын, 1919 жылдың күзінде қазақтың болашақ классик жазушысы, он тоғыз жастағы Сәбит Мұқанов оқу іздеп, алашордалық азаматтар Колчак өкіметінің қолдауымен Омбы қаласында ашқан мұғалімдер дайындайтын курсқа бара жатып, жолда, серіктерімен бірге Әлтидің ауылына тоқтайтынын «Өмір мектептерінің» екінші кітабынан көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі.  

Әлтидің қыстауында...

Суретте: Солдан оңға қарай «Петровка» селосының тұрғыны Бейімбет, профессор-өлкетанушы Зарқын Тайшыбай, Әлтидің шөбересі Нағашыбай Барлыбаев және автор

Әлтидің Жамбыл ауданындағы «Қызыл ой» деген жердегі «Петровка» (қазақшасы «Бақыр ілген») селосының түбіндегі қыстауына жуырда біз де ат басын тіреген едік. Жер жарықтық үстінде не болып жатса да көтеріп, сол қалпында жатыр. Айналада қара жел соғып, ызғар болып тұрса да, қалың ағаштың кең қойнауындағы Әлтидің қыстауы тып-тымық, жанға жәйлі бір қалып танытады. Оның төрт үйінің орны да жақсы сақталған. Әрқайсының аумағы жобамен 100-120 шаршы метрдің айналасы. Кеңес өкіметі орнап, Әлтидің балаларын жер аударғанда ағаш үйлерін жаңадан ашылған ауданның орталығы Майбалық ауылына түрлі кеңселер салу үшін бұзып әкеткен екен.  

Өзінің Әлти қыстауына түскен оқиғасын жазушы кітабында «Миллионердің үйі» деген тақырыппен былай сипаттаған: «Қалың қарағаштың ығына орналасқан Әлтидің қыстауына біз ымырттатып жеттік. Бұл қыстау қазақтың мен көрген өзге қыстауларының біреуіне де ұқсамайды. Мұндағы қыстау қала тәртібімен көше болып салынған, қаңылтыр шатырлы, биік қарағай үйлер. Олардың араларына шұбала салынған қоян-жон ағаш сарайлар...». Ал Әлтидің байлығы туралы серіктерінен естіген әңгімелеріне қарағанда ол Қорған қаласында банк ұстаған төрт миллионердің бірі екендігі, екі мыңдай жылқысы, сонымен бірге күніне үш шелек сүт беретін немістің қызыл-қасқа «швиц»  сиырын мол ұстайтындығы айтылады. Осы оқиғадан бір жыл бұрын Әлти халықпен кездесуге келген Алашорданың жүз шақты азаматын қонақ қылып, жеке өзі күткендігі айтылады. Бұл туралы солардың арасында болған Сәбиттің жол серігі Бәкеннің аузынан былай жазылған: «Әлти қажы былайғы жұртқа: «ауылдан келген жабайы қонақтарды сендер күтіңдер, оқыған азаматтарды өзім күтейін» депті. Азамат саны жүзге тарта кісі екен. Соларды Әлти қажы өзінің жазғы үш үйіне бөліп түсіреді де, шаһар ғұрпын істеп, асты әркімге жеке ыдыспен бергізеді. Сонда осы үйдің сандықтарынан бұрын ешкім көрмеген, неше түрлі кәрлен шәшкелер мен фарфорлы қымбат тәрелкелер дюжиналап шығыпты. Қызылжардан, Омбыдан келген азаматтар «апыр-ай, қазақта да мұндай мүлік болады екен!» деп аузын ашып, көзін жұмды. Кешке қонақтар жатарда теңдеп буған кілемдерден ине-жіптен жаңа шыққан нелер асыл көрпе-жастықтар алынып, жүзден аса қонаққа мол жетті».

Әлтидің байлығын осылай танытқан жазушы сол кездегі цензураның қырағылығына қарамай өздері қонғанда оның баласы Сәдуақас пен келіні Ыбыштың жалшыларымен бірге жұмыс істеп, үйге өте кеш кіргенін айтады. Ол кездегі идеология бойынша байлар паразит, арамтамақ, өздері жұмыс істемей тек халықтың еңбегін соратындар болып суреттелуі керек еді ғой. Бірақ Сәбең шындықты да көрсетіп кетеді. Алайда далаға шығып, жалшылардың үйіне барғанда олардың тым ауыр тұрмыста екенін,  еңбектерінің қаналатынын да саясаттың ығына сәйкес баяндап, «шындықты өтірікке орап», өткізіп жіберген сияқты. Соның ішінде әкесі өлгенде елу шөмеле шөбім бар еді деп Әлтидің жалғыз сиырдың торпағын алғанын да жазады.  Өзі мыңғырған бай болса, өзі қажы болса Әлти бір торпаққа бола жетімді жылатушы ма еді? Бұл тіпті мұсылманшылыққа жат қой. Осындайларын оқыған ауылдың ақсақалдары кейін Сәбит Мұқанов еліне келгенде өтірігін бетке басып, айыптаған екен. Оған жазушы осылай демесем, байды жамандамасам жазғаным шықпас еді деп ақталған екен.

Жоғарыда айтқан казактардың «Петровка» хуторы Әлтидің қыстауына төрт-бес шақырым жерде. Кейін ол үлкен елдімекен болып, «Октябрьдің 60   жылдығы» атындағы кеңшардың орталығына айналды. Осы селода тұратын Виктор Шаповалов деген жетпістен асқан қарттың әжесі Пелагея Әлтидің сауыншысы болған екен. «Менің атам мен әжем Украинаның Полтава губерниясынан осы жаққа қоныс аударғандар. Өте кедей, аш-жалаңаш болған екен. Әжем Әлтидің үйіне жалданып, сауыншысы болыпты.  Тек содан кейін ғана ауыздары аққа тиеді. Марқұм өле-өлгенше Әлтиді мейірімді кісі, тамаша адам еді деп мақтап отыратын», дейді В.Шаповалов.

Осы жердің тумасы болған, бертінге дейін өмірге сүріп, 1987 жылы өмірден өткен Оразалыұлы Кәмәли деген кісі де Әлтидің жылқысын бағып, жалдауда болса да қажының адамгершілігі мен кісілігі туралы көп әңгіме айтады екен. Әлти қарау бай емес, көзі ашық, жаңа заманға лайық өмір сүруге тырысқан. Ол мал ғана сатпай, Омбыға, Қорғанға ет-сүт өнімдерін, тері т.б. шығарып отырған. Алашордалық азаматтарды қарсы алып, оларға қолдау білдіргендігі, Алаш туының көтерілуіне жақтас болғандығы жоғарыдағы деректерден көрініп тұр.

Міне, Сәбең саясаттың салқынымен ғана жамандауға мәжбүр болған Әлти миллионер осындай адам болған. Ол 1873  жылы туып, 1925 жылы 52 жасында өзінің қыстауы «Бибалайда» өмірден өткен. Ұрпағы ұлы кәмпескеге ілегіп, 1928-ші жылдан бастап, қуғын-сүргінге ұшыраған. Әуелі Ақтөбе облысына жер аударылып, одан елге жақын келмек болып, Сібір ормандарындағы ауыл-селоларға қоныстанып, бірақ НКВД-ның, кейін КГБ-ның түртпектей беруі салдарынан бір жерден екінші жерге жиі көшуге мәжбүр болып, барлығы он жеті рет мекен ауыстырып, тек бертін ғана елге келген. Онда да ата-бабасының туған жеріне тура келуге қорқып, «Белое» деген орыс селосына қоныстанған. Фамилияларын да арғы аталары Барлыбайдың атына жаздырған. Алайда немересі Сабыр қанша қуғын-сүргінде жүрсе де өз балаларының бәріне жоғары білім әперіп, сонымен бірге ата-бабасының кім болғанын білдіріп отырыпты. Олардың бәрі Кеңес одағы жылдарында үлкен қызметтер істеді. Соның ішінде бес бірдей баласы кеңшар директорлары болды. Тектілік деген сол, әне. Ол туралы біз кезінде «Бір отбасыдан - бес директор» деген мақаланы «Егеменге» жазған болатынбыз.

Әлти мекен еткен қазіргі Жамбыл ауданына 1985 жылы шөбересі, жоғарыда айтылған бес директордың бірі Есмағанбет Барлыбаев аудандық атқару комитетінің төрағасы болып келеді. Ол кезде Әлтиді көзі көрген ақсақалдар да, туыстары да, әкесі де бар, бәрі қажының орланған зиратын көрсетіп, оның басына шөберелері қазіргі белгіні қояды.

«Орнында бар оңалар» деген емес пе, қазір Әлтидің текті ұрпағы оны ғана емес ар жағындағы Тәбей, Тәштит, Итемір және т.б. аталарын да жоқтап, бәрінің басына кесене орнатудың қамында жүр. Олардың елге жасаған еңбегі туралы «Бір отбасының тағдыры», «Дара жол» деген кітаптар жазылды. Бұл еңбектер елдің аузындағы әңгімелерге ғана емес архив құжаттарына негізделген. Кезінде аға сұлтан Есенейдің заседателі, одан кейін бірнеше жыл болыс болған Тәбейдің кісілігін, қазақтарды казактардың озбырлығынан қорғап, тартып алған жайылымдарын патшаның жоғары әкімдіктеріне шағына отырып, қайтартқандығы туралы өзіміз де «Егеменге» бертін жазған болатынбыз («Елдің есіндегі ер Тәбей», «Е.Қ», 05.07.2019 ж.).

«Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына сәйкес ұлтымыздың ұстыны болған ерлердің есімі жаңғыртылып жатқанда біздің де кезінде елге тұтқа болған аталарымыздың есімдері жаңғыртылғанын қалаймыз», дейді осы істердің ұйытқысы болып жүрген Әлтидің бір шөбересі Нағашыбай Барлыбаев мырза. Олар алдағы уақытта республикалық деңгейде ғылыми-практикалық конференция өткізіп, оған белгілі тарихшы, әдебиетші ғалымдарды шақырмақ. Конференция материалдарын кітап етіп шығаруды да жоспарға енгізіп қойған. Сөйтіп, ұрпақтары аталарының атын жаңғыртуды ойлап жүр. Әрбір әулет атақты аталарының жолын осылай іздесе, жалпы ұлттық санамыз жаңғыра түсері сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы