26 Наурыз, 2010

ИГІ ІСТЕРГЕ БАҒДАРЛАНҒАН

567 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауын барша еліміз үшін сындарлы да күрделі кезеңде жариялады. Өйткені, қазір бүкіл әлемдік қоғамдастық терең қаржы және экономикалық, тіпті кейбір аймақтарда азық-түлік дағдарысын бастан кешуде. Елбасының биылғы Жолдауын қоғамның барлық мүшелері, бүкіл Қазақстан халқы іштей толғаныспен өзгеше ахуалда тосты. Осы орайда Елбасы дүниежүзілік деңгейдегі көреген саясаткер екенін тағы да бір жарқырата көрсеткеніне куә болдық. Біздің Президент ең бірінші болып халықаралық қаржы жүйесі түбірлі өзгеріске мұқтаж екенін ашық мәлімдеді. Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын отандастарымыз үлкен үміт-тебіреніспен күтті. Өйткені, барша қазақстандықтардың алдағы кезеңдегі әл-ауқаты бұл маңызды құжатта қандай міндеттер қойылатынына тікелей байланысты. Расында Жолдауда үлкен мен кіші, студенттен  зейнеткерге дейін, қоғамның барлық әлеуметтік топтарының мүд­десі қозғалып, жұртшылықты ойландыратын, кейбір алаң­да­татын жайттардың барлы­ғына анық та түсінікті, әрі түбегейлі жауаптар берілді. Дүниежүзілік дағдарыс еліміздің эконо­микалық да­муына кедергі жасағанымен, елдің ұлттық экономикалық тұрақтылығы сақталып, ха­лықтың өмір сүру сапасы төмендеген жоқ. Үкіметтің кірісуімен бірте-бірте құрылыс саласы да бой көтеріп келеді. Негізінде 30 мыңнан астам үлескердің мәселелері шешілді. Банк қызметтерін қалпына келтіру жұмыстары жақсарды. Өйткені, сыртқы қарыздың қысқар­тыл­ғаны, Ұлттық қордың сақталым актив­тері­нің және елдің банктердегі салымының өскені сезіледі. Биылғы Жол­дауында да Елбасы банк жұмыстарының ашық та айқын болуы керек екеніне ден қойды. Елдің табысының нақты көтерілуімен қатар, жұмыссыздар санының күрт төмендегені де байқалады, өткен жылы жұмыссыздар саны 6,2 пайызды құрады. Осындай көрсеткіштерге қол жеткізудің ең бірінші жетістігі, ол дер кезінде қабылданған ше­шім арқылы сол жұмыстарды ұйымдастыру және қаражат мәселелерінің шешілуі болды. Заң шығарушылық жұмыстарды айта кет­сек, өткен жылы Сенатта 130-дан астам заң жо­­балары қаралды, оның ішінде 121-і заң ре­тін­де қабылданып, Елбасының қол қойылуына жіберілді. Парламент қабылданған заңдардың басым көпшілігі қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Соның ішінде, жаңа Салық пен Бюджет кодекстерімен қатар, бірқатар заңдар азамат­тар­дың жекелеген санаттарына әлеуметтік қол­дау көрсету, әлеуметтік салаға қызмет көрсетуді жетілдіру, атаулы әлеуметтік көмек, жұмыс­сыз­дардың жағдайын көтеруге бағытталды. Біздің мемлекет елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы жұмыстарын әрі қарай жалғастыруда, мысалы: бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру, зейнетақының мөлшерін көтерумен қа­тар, мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдем­ақы­лар мөлшері ұлғайды, сәби бір жасқа тол­ғанға дейін күтіп бағуға берілетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшерін көбейту сияқты атаулы көмектер ұдайы өсіп отырды. Жоғары білім ор­нын­дағы студенттерге қосымша гранттар бөлін­ді. Әлеуметтік салаға 2010 жылдың бюджеттен бөлінген шығыс үлесінің мөлшері 40 пайызды құрады. Әлемдік рыноктың жағдайының өзгеруіне байланысты 2009-2011 жылдарға және 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңдар қабылданды. Атап айтсақ, 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң елдің өмір сүру сапасының көтерілуі, әл-ауқатының артуы мен күнкөріс деңгейінің өсуіне негізделген. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнет­ақы­ның мөлшері 25 пайызға өсті, ал 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көтеріледі. Бала тууды ынталандыру және демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2010 жыл­дан бастап көп балалы отбасы­лар­ға әлеуметтік қолдау күшей­тілді. 4 және одан көп бала туғанда біржолғы жәрдемақы 50 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Әлеуметтік төлемдердің жаңа түрі – мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналарға, қам­қор­шыларға 1 ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы енгізілді. 2010 жылдан бастап арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар: Кеңес Одағының Батыры, 3 дәрежелі Даңқ орденінің иегерлеріне 130 АЕК-ке дейін, Еңбек Ерлеріне, сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының батырларына 70 АЕК-ке жуық мөлшерде берілетін болды. Парламент палаталарының бірлескен оты­ры­сында Қазақстан халқына Жолдауын жа­риялаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қам­тама­сыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу” деп мәлім етті. “Қазақстан-2030” страте­гиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағ­дарлама жасап, оны тәмам­дадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжыл­дығына қарай қадам жасау”, деді Мемлекет басшысы. 2008 жылы 2000 жылмен салыстырғанда, яғни жоспар­лаған мерзімнен екі жыл бұрын біз республикадағы ішкі жалпы өнімнің көлемін екі есеге арттырдық. Бұл туралы Президент Н.Назар­баев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты. Елбасы мемлекет мойнына алған әлеуметтік міндеттерді де тиімді орындап отырғанын алға тартты. “Біз елдің ұзақ мер­зім­ді күн тәр­тібін, басты мақсаттар мен басым­дықтарын қалып­тас­тырдық, кейін олар 2010 жылға дейінгі Стра­тегиялық жоспарда қисынды түрде да­мытылды. Сөйтіп, біз қалай жоспар­ласақ, солай өмір сүрдік және мынадай нәти­желерге қол жеткіздік”, – деп атап өтті. Мемлекет басшысының атап көрсеткенін­дей, осы жылдар ішінде орташа жал­ақы 5 есеге, зейнетақының орташа көлемі 3 есеге, тө­мен­гі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халық­тың үлесі 50-ден 12 пайызға, яғни 4 есеге дейін азайды. Сондай-ақ, халық денсаулы­ғы­ның негізгі көрсеткіштері жақсарды, ана өлімі екі есеге төмендеп, бала туу үрдісі 1,5 есеге артты. “Он жылда 652 мектеп және 463 ден­сау­лық сақтау нысаны салынды. Бүгінде бізде әлемдік деңгейдегі ме­ди­циналық орталықтар – Ана мен баланың ұлттық орталығы және Нейро­хи­рур­гия институты бар. Биылғы жылы Кардио­хирургия ор­та­лығын іске қосамыз. Барлық облыстарда қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жақсаруда. Осының арқасында біз өз азаматтары­мыздың мыңдаған өмірін сақтап қаламыз”, – деді. Мемлекет басшысының айтуынша, еңбек өнімділігінің кешенді өсімі маңызды тапсыр­малардың бірі болып табылады. “Экономиканы толығымен алып қарасақ, Қазақстанда бір қызметкер жылына 17 мың доллардың ғана өні­мін өндіреді. Ал дамыған елдердегі бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып түседі”, деді Елбасы. Бұдан шығатын қорытындының оңай екендігін айтқан Мемлекет басшысы аталған жағдайды түзетіп, еңбек өнімділігін арттыру, инновация енгізу керектігін баса айтты. Осы критерий бойынша баға, қаржылай қолдау көрсету сияқты барлық басқару жұ­мыс­тарына бақылау жүргізу Үкіметтің басты мін­деті болмақ. “Тек инновация ғана еңбек өнім­ділігінің шұғыл көтерілуіне мүмкіндік береді”, деді. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы Үкіметке “Бизнестің Жол картасы - 2020” бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. “Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз келеді. Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы жаң­ғыртудың қозғаушы күші болып табы­лады”, деп атап көрсетті Елбасы. Осыған орай, Үкіметке 2010 жылы өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытудың бірегей бюджеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырып, бағдарламаны “Бизнестің жол картасы – 2020” деп атауды ұсынды. Президенттің айтуынша, бұл бағдарлама­ның мақсаты – кәсіпкерліктің жаңа қатпары­ның дамуы есебінен өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын құру болып табылады. Ең алдымен шағын және орта бизнеске көп шаруа жүк­теледі. “Әкімдер бағдарлама бойынша қаржы­лан­дырылатын шағын және орта бизнес жоба­ла­ры үшін толық жауапты болады”, деді Президент. Елбасы Жолдауында қамтылған үдемелі әртараптандыруды өңірлік дамусыз жүргізу мүмкін еместігін айта келе, аталған мәселені Жолдаудың осы маңызды тұстарының бірі ретінде атап өтті. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар ендігі күні жергілікті атқарушы билікке берілетін болады. Олар өңірлік корпорация ретінде қайта құрылып, маңызды бизнес-жобаларды әзірлеп, жүзеге асырады. Сонымен бірге, бүгінгі күні жергілікті биліктің ең басты міндеті – жеке кәсіпкерліктің дамуына жан-жақты қолдау білдіру. Жаңа өндірісті құруға ауысу, жаңа бастамаларды ынталандыру қажеттігі, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті мемлекеттік органдарға барлық қажетті ресурстар, әкімшілік қолдаулар жасалғаны айтылды. 2010 жылғы сәуірдің 1-інен бастап бюд­жеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы мен жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы өсетін болады. Мемлекет тарапынан 2020 жылға қарай ел халқының санын 10 пайызға арттыру үшін барлық жағдайлар жасалатын болады. Мем­лекеттік-әлеуметтік саясаттың басым бағыты халықтың жұмыспен қамтылуын жоғарылату болып табылады. Сондықтан Елбасы алға нақты тапсырмалар қойды. 2020 жылы жұмыс­сыздық деңгейі 5 пайыздан, ал күнкөрістің төменгі деңгейінен табыстары төмен халықтың үлесі 8 пайыздан аспауы тиіс деп көрсетті. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек тек мұқтаж азаматтарға көрсетілуі керектігін баса айтқан Мемлекет басшысы 2015 жылы базалық зейнетақы төлеу көлемі күнкөрістің төменгі деңгейі мөлшерінің 60 пайыздық межесіне дейін арттырылуы, ал мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 2010 жылға қарағанда 1,2 есе ұлғайтылуы тиіс екенін атап өтті. Әртараптандырудың ең маңызды сег­ментінің бірі – агроөнеркәсіп кешені. Оның дамуы басты 3 бағытта өрбуі тиіс. Елбасы халыққа биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына қатысты осылай деп мә­лімдеді. Президенттің сөзіне қарағанда, биылғы жылдан бастап кепілденген трансферт республикалық бюджетте абсолюттік көлемде 8 мил­лиард АҚШ доллары дең­гейінде белгіленеді. “Бұл трансферт алдымен ин­дустрия­ландыру мақсатын жүзеге асыруға бағытталуы тиіс”, деді Елбасы. Осы орайда Мемлекет басшысы Ұлттық қордан ешқандай займдар, басқаша қосымша трансферттер бюджетке бағытталмайтынын жеткізді. “Осы мәселелерді ескере отырып 2020 жылға қарай Ұлттық қордың активтілігі 90 миллиард АҚШ долларына дейін өсуі тиіс. Бұл ішкі жалпы өнімнің 30 пайызынан кем емес көрсеткішін құрайтын болады”, деді. Экономика, әлеуметтік сала, рухани және мәдени байлығымыздан басқа болашақ ұрпаққа қалдыратын ең асыл мұрамыз бірлік, ынтымақ, татулық екенін әрдайым естен шығармаған абзал. Мемлекет басшысы “Стратегиялық бағдарламаға сәйкес қабылданып жатқан шаралардың мақсаты – Тәуелсіздік тұғырын биіктету, ұлтымыздың тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”, деп әр қазақстандықты, барлық саяси күштерді бір кісідей жұмылуға шақырды. Бұл алға қойған мақсаттарға жетудің алғышарты екенін атап өтті. Елбасының айтуынша, бұл ретте “Нұр Отан” партиясының рөлі елімізді алға бастайтын негізгі күш болуы тиіс. Жансейіт СӘРСЕНҚҰЛОВ, Парламент Сенатының депутаты.