Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2019

Атырау облысының шалғай елді мекендеріне интернет желісі тартылады

571 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысы Құрманғазы ауданының Азғыр өңірінің 8 мыңдай тұрғыны жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысының шалғай елді мекендеріне интернет желісі тартылады

Аймақтағы шалғай елді мекендерді дамытуға ерекше маңыз берілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясымен шекаралас аймақта орналасқан Азғыр ауылына жалпы ұзындығы 377 шақырым газ құбыры тартылды. Сонымен бірге шекара маңына жақын орналасқан кейбір елді мекендер электр қуатын Ресейден алып отыруы себепті жаңа электр желілерін жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Жақын арада интернет желісі жүргізіледі.

Цифрландыру енгізілуінің арқасында 10 ауылдағы өмір деңгейі айтарлықтай жоғарылап, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік арта түспек. Атырау жергілікті желілер техникалық торабының директоры Нұрлан Мақұловтың айтуынша, қазіргі уақытта аталған бағытта 160 шақырым оптикалық-талшықты кабель тартылды.

- Оптикалық-талшықты желі Батыс Қазақстан облысының Бөкей орда ауданынан тартылып жатыр. Оның жалпы ұзындығы 185 шақырым. Интернетке қолжетімділік жылдамдығы секундына 8 мегабитке дейін жететін болады. Жыл соңына дейін интернетпен 5 елді мекен толықтай қамтылады. Бұл орайда, жалпы жұмыс ауқымы екі кезеңге бөлінгенін атап өту керек. Жоба толықтай 2020 жылдың наурыз айында аяқталады, - деді Нұрлан Мақұлов.

 

АТЫРАУ