Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2019

Полицейлер шетелдік азаматтарды құтқарды

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұрнағы күні СҚО Уәлиханов ауданында, түнгі сағат төрт шамасында Көкшетаудан Омбыға қарай бет алған жолаушылар автобусы 12 жолаушымен аудан орталығынан 40 шақырым жердегі Ақтүйесай ауылының маңында істен шығып, тұрып қалады. Күн біршама аяз. 

Полицейлер шетелдік азаматтарды құтқарды

Жолаушылардың киімдері жұқа, өздеріне көмек келмесе олар қиын жағдайда ұшырап қалуы кәдік еді. Алайда таңертең ертемен мал қарауға шыққан жергілікті тұрғындардың бірі аудандық полиция бөлінісінің кезекші бөліміне хабар береді. Көмекке бөлім бастығы, полиция подполковнигі Марат Әлжанов, учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «КамАЗ» автокөлігін тауып барып, автобусты тіркемемен шекаралық бақылау пунктіне жеткізді. Осы жерден әрі жолаушылар Омбы қаласынан келген көлікке мініп, үйлеріне аман-есен жетті. Көліктің істен шыққан су насосын ауыстыру үшін полицейлер жылы боксқа сүйреп апарып, жөнделуін қадағалаған.

Осы тақылеттес тағы бір оқиға Тайынша ауданында болды. Осы ауданның Виноградовка ауылының маңында «МАN» маркалы автомашинаның жанар-жағар май жүйесінің істен шығуына байланысты Түркия азаматтары жолда тұрып қалады. Мироновское ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Талғат Бейсенбаев жолда қалып, қатты тоңған жүргізушілерді өзінің үйіне алып барады. Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы Азамат Оралов болса автобусты сүйрейтін техника тауып, оны аудан орталығына жеткізген. Мұнда аудандағы Дмитрий Белецский бастаған шеберлер автобустың ақауын жөндеп берді. Сөйтіп, түрік жүргізушілері қиын жағдайдан құтқарылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы