Қоғам • 05 Желтоқсан, 2019

Абай атындағы ҚҰПУ ректоры «Жас ұстаздар бірлестігі» мамандарымен кездесті

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев университеттің жаңадан құрылған «Жас ұстаздар бірлестігінің» мамандарымен кездесті.

Абай атындағы ҚҰПУ ректоры «Жас ұстаздар бірлестігі» мамандарымен кездесті

Кездесу аясында жас ғалымдар, оқытушылар, қызметкерлерден құралған топ өкілдері университет ректорымен бірге ашық сұқбат алаңының форматында өздерін толғандырған академиялық, ғылыми, әлеуметтік мәселелерге қатысты түрлі ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Университет ректоры осындай ашық талқылардың университет өмірінің әртүрлі сатысына әсер ететіндігін, институттардағы қордаланған мәселелерді бірлесе шешу қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар Тахир Оспанұлы университет тарапынан жасалып жатқан, алдағы уақытта жоспарланған бастамаларымен де бөлісе отырды.
Елуден астам жас маман жиырма беске жуық нақты ұсыныс-сауалын университет басшылығына жолдады. Біршама мәселе сол кездесуде ректордың тікелей қадағалауымен бірден жауапты тұлғалары анықталып, өз шешімдерін тауып жатты. Көп мәселелердің арасында - докторантурадағы өзекті жағдайлар, жас оқытушылардың жалақы көлемінің жеткіліксіздігі, баспанамен қамту бағдарламаларынан хабарсыздығы, аға буын профессорлық құраммен ұрпақ сабақтастығының ажырап қалуы, кадрлық өсім перспективалары, спортқа баулу іс-шараларының жүйелі жүргізу бағыттары мен институттардың қазіргі көрінісі, инфрақұрылымдық-зертханалық жабдықталу тәрізді көкейкесті мәселелер қарастырылды.
Жалпы аталған ашық кездесу форматы жас мамандардың өтінішімен әрбір екі айда тұрақты жүргізіліп тұратындығы ұсынылды. Ректор өз кезегінде, мұндай игілігі зор барша университеттің жас ұжымының ортақ әрекеттерімен келешегі жарқын дамуға бастайтын қадамдар әрқайсының тікелей қатысуымен ғана жүзеге асатындығына зор сенім білдіретіндігін, әрдайым ректорат тарапынан қызу қолдау көрсететіндігін тілегін жеткізді.

 

АЛМАТЫ