Келіссөздер Германия Федералды Президентінің резиденциясы саналатын Белвью сарайында өтіп жатыр. Бранденбург қақпасының жанындағы Шпрее өзенінің жағасында орналасқан бұл сарай XVIII ғасырдың аяғында ерте неоклассицизм стилінде салынған.
Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевты сарайға кіре берісте қарсы алып, Құрметті қонақтар кітабында лебізін қалдыру үшін фойеге алып барды. Осыдан кейін Мемлекеттер басшылары келіссөздер залына беттеді.
«Президенттер өзара мүдделілік бар кең ауқымды мәселелерді, атап айтқанда, Қазақстан-Германия қарым-қатынастарын, сондай-ақ, Орталық Азиядағы оқиғаларды талқылайды» деді ҚазАқпарат тілшісіне жауап берген Германия Федеративтік Республикасы Президенті Кеңсесінің өкілі Эстер Улеер.