Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2019

Солтүстік Қазақстанда тағы бір сүт фермасы ашылды

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біржан Шәймерденов басқаратын Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы «Дайындық агро» серіктестігі түтіні түзу ұшқан шаруашылықтардың бірі.

Солтүстік Қазақстанда тағы бір сүт фермасы ашылды

Аққайың ауданындағы осы Дайындық ауылы бір кезде барлық ауылдар секілді өткен ғасырдың аяғындағы экономикалық құлдырауды басынан кешіп, тарауға айналып қалған. Сол кезде қолынан іс келетін Біржан Шәймерденов қаладағы үш бөлмелі үйін сатып, туған ауылын көтеруге келген еді. Содан бері тыным таппай еңбектенгендігінің арқасында қазір облыстағы озық шаруашылықтардың біріне айналды. Оның ауыл тұрғындарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау жөнінде жасаған істерін санап шығудың өзі ұзақ әңгімеге жүк болар еді.

Қазір оның фермасында 600 тұяқ симментал тұқымды сүтті сиырлары бар. Олардың әрқайсысы тәулігіне 17-18 литрден сүт береді екен. «Дайындық агро» оларды Австриядан сатып алыпты. Қазір сиырдың суалатын мезгілі, соған қарамай тәулігіне бес тоннадай сүт алады. Ал сүт фермасын серіктестік  осы, биылғы төрт айдың ішінде салып бітірген. Оған жұмсалған 1,2 млрд. теңге серіктестіктің өз қаражаты.

- Асыл тұқымды әр сиырды сатып алуға мемлекеттен 137 мың, ал жем-азық алуға 120 мың теңге субсидия алдым, - дейді Біржан Шәймерденов.

Жаңа ферманың жұмысымен облыс басшысы Құмар Ақсақалов танысты. Заманауи ферма соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Қазір онда 28 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы айтқанда осы ауылдың тұрғындары жыл бойы жұмыспен қамтылған.

Ал облыста биыл осындай 3 заманауи сүт кешені іске қосылады. Былтыр төртеу ашылған. 2020 жылы тағы 10 кешеннің құрылысы басталмақ. Жаңа фермалар сүт өндірісін жылына 20 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік береді.

«Мал шаруашылығы өте табысты бизнес, әсіресе сүт өндірісі. Осы кәсіппен айналысып отырғандар пайдасын көріп отыр. Қазір біз аталмыш фермалардың санын көбейту шаруалары бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - деді Құмар Ақсақалов.

 

Солтүстік Қазақстан облысы