Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2019

«Өкпеге қисаң да, өлімге қимайсың...»

1123 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» екенін жат ағымның жетегінде кеткен отандастарымыз әлі де болсын түйсіне қойған жоқ. Солай болды екен деп өз ұлын өзегінен тепкен ұлт емес едік. Қандасым десе қанымыз ысып, жанымыз күйеді. Елден безсе де емешегіміз езіліп тұрады. Адамзаттың қарғысын арқалаған ата-анадан бұрын, ақ-қараны ажыратып үлгермеген ұрпағына алаңдайсың. Ирак астанасы Бағдаттан Отанға оралған 14 бала соның дәлелі. Ертеңіне енжарлық танытпаған елдіктің ерен үлгісі де – осы!

«Өкпеге қисаң да, өлімге қимайсың...»

Ежелгі парсы ұғымында Бағдат сөзі – «баға» – құдай, «дад» – сый, яғни, «Құдайдың берген сыйы» деген мағына берсе керек. Енді бір деректе 762 жылы Мадинатус Салам (бейбіт қала) деген атпен халиф Мансұр тұр­ғызған деседі. Тәңірі­нің тәл­ке­гі сол, бұл күні Бағ­датты не «Құ­дайдың берген сыйы», не «бейбіт қала» деуге ауыз бар­майды. Кейінгі екі айда Ирак аста­насында кемі 100-ден астам адам көз жұмды. Терроризмге қа­тысы бар деген күдікпен қамау­да отырғандары қаншама. Өкі­ніш­ті­сі сол, арасында қазақ­стан­дық азаматтар да бар.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­­масы негізінде «Русафа» опе­ра­­циясы қолға алынды. Бұл гума­нитарлық акция жоғарыда атал­ған 14 баланы Отанға оралтуды мақсат тұтқан болатын. Үш жарым жыл аналарымен бірге темір тордың тақсіретін тартқан бала­ларды қайтару оңайға соқсын ба? Өзге мемлекеттің ішкі саясатына араласудан ауыр не бар?

Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенконың айтуын­ша, ауыр жұмыс атқары­лып­­ты. Сыртқы істер министрлігі үкі­­мет­тік емес құрылымдар һәм мем­лекеттік органдармен, халық­а­ралық ұйымдармен бір­ле­се оты­рып, бір жылға созыл­ған кедер­гісі көп күрделі келіссөз жүргізді.

Алдымен, балдырғандардың қазақстандық азаматтар екенін дәлелдеу үшін ДНК сараптамасын жасауға тура келген. Ата-анасынан айрылып, жетім қал­ған­дардың елдегі ағайын-туыс­тары іздестірілді. Сынама алынды. Соңында балаларды туған топырағына қайтару жөні­де сот шешімі шықты.

Сот шешімі шықты екен деп, ана құшағынан ажыратып алу да адам­дыққа жатпас еді. Алайда бейбіт өмірдің берекесін белуардан қан кешіп барып ұғынған аналар балаларының ашық аспан астында ғұмыр кешуіне еш қар­сы­лық танытпады. Тіпті бұл опе­рация аналар мен туған-туыс­та­рының өтініші негізінде іске асқанын алға тартар едік.

Діни экстремизм етек жина­май тұрып, Таяу Шығыста тату­лық орнайды деуге сенім жоқ. Мәселен, бір кездері Əбу Насыр əл-Фараби ілім іздеп барған Шам шаһарына қандастарымыз ажал іздеп ба­рып жүр. Әл-Фа­ра­би мен сұл­тан Бейбарыстың қабірі де осы Си­рия астанасында. Ала­­са­пы­ран­да құлдыққа саты­лып, кейін сұлтан дәре­­же­­сі­не көтерілген баһадүр Бей­ба­рыс! Отандас­тарымыздың көңіл көкжиегінде баба бейнесі сұлтан­ды­ғын тәрк етіп, туған топы­рағына аман-сау оралған қал­пында сақталса керек. Осыдан отыз жыл бұрын түсірілген отан­дық киноның көркемдік шын­ды­ғы – осы. Десе де, тарихи шындық баба қабірі Дамаск қала­сын­да екенін айғақтап отыр. Ал енді айдың-күннің аманында Таяу Шығысқа ағылып, ажал іздеп жүргендерге не деуге болады? Бәлкім, күндердің күні Бейбарыс сынды сұлтан болып ораламыз дей ме екен?!

Ол белгісіз. Белгілісі – үш жа­рым жыл күріш пен қара суды азық еткен, бесіктен белі шықпай жатып анасынан ажыраған 14 бала­ның Отанға оралғаны. Орал­­ма­ғаны, қаңғыған оқ пен жа­сыр­­­ған минаның құрбаны бол­ғаны қаншама?! Бұл – алғаш рет атқарылған операция емес. Ел би­лі­гі бұған дейін де үш мәрте «Жусан» операциясын қолға алып, бас-аяғы 400 баланы Қа­зақ­станға қайтарды.

Әйтпегенде, балдырғандар тағды­ры не болары еді деген сауал да қы­лаң бермей қоймады. Ирак мемле­ке­тінің заңы бойынша, мұндай балалар жетімдер үйіне жіберіледі екен. «Русафа» операциясы қолға алынбағанда, қазақ балалары да жетімдер үйінде жаутаңдап қалары хақ! Он төрт тағдыр ойраннан аман қалды. Атамекенге жетіп, ағайынымен қауышты.

Екінші дүниежүзілік соғыстан оралған аталарымыз төккен қан мен көрген сұмдықтары жай­лы жақ ашпаушы еді. «Сен­дер көрмеңдер» деп қысқа қайы­ра­тын-тұғын. Ақиқатында, «қа­рияс­ы бар үйдің қазынасы бар». Жыл санап, «қазына» қатары да сиреп барады. Естияр аталар азайған сайын «Астана біз­дікі» деп қару асынғандар бейне­сі әлеуметтік желіде желдей есе­тін­­ді шығарды. Қару асыну, жат елде жарылып өлу үлгіге айнал­ғаны ма? «Діні бар да, ұлты жоқ, сақа­лы бар да, мұрты жоқ. Теке сақал, қырма мұрт, ел түбіне сол жетер». Бұдан соң Мәшһүр Жүсіптің әулиелігіне таңдан­бай көріңіз. Балағы келтенің бала­сы не болмақ? Қар­ғайын десең, «әр қазақ – менің жал­ғы­зым» (Сабыр Адай). Қарғамайын десең...

Құдай­сыз үкіметтің қыл ар­қа­­ны Алаш «мойнын» алпыс сегіз жыл армансыз қиып келді. Тәңіріні тәрк етіп, Жаратқанға жалбарынудан қалдық. Сөйткен Кеңес өкіметінің де шаңырағы опы­рыл­ып ортасына түсті. Құдай жоқ емес, бар болып шықты. Енді қайтпек керек? Абды­рап қалған отандастарымыз асыл дін­ге ағылсын-ай келіп. Алға­шын­да қуандық. Алайда бөркі­міз­ді аспанға атқанда тазымыз көрініп қаларын кім біліпті. Ақ-қараны ажыратып жатпай, алыс-жақыннан ағылған мис­сионер­лердің айтқанын әсіресе жас­тар қауымы аузының суы құрып тыңдайтынды шығарды. Тиісті органдардың сан соғып қал­ған сәті де осы. Ендігі күні «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптың» не, шаппадың не. Бәлкім, «ауырып ем іздегенше, ауыр­мау­дың жолын іздеп», асқын­ған дерттің алдын алуды жүйелі жолға қою қажет пе еді? Таяу Шығыста қару асынып, тау-тас арасына жасырынған ет-жақын­дарымызға елеңдемес үшін ең алдымен қазақ қоғамында түсін­діру жұмыстарын жүргізіп, ұлт­тық дәстүрді мұрат тұтқан идеологиямызды мықтап қолға алу керек-ақ! Әйтпегенде, маңдайтер, еткен еңбектің «бәлду, бәлду – бәрі өтірік»...