Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2019

Оралда жастар бастамаларын қолдау жақсы

323 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл жыл басынан бері Орал қаласында 360 адам «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсын тәмамдап, 120 жас тегін мемлекеттік грант жеңіп алды. Бұл жөнінде Орал қаласы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында хабарланды.

Оралда жастар бастамаларын қолдау жақсы

Орал қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Болатбек Сахиевтың айтуынша, қала тұрғындарының 60 806-сы – 14 пен 29 аралығындағы жастар. Мұның 37 905-і – орта мектептер мен колледж-университетте білім алады. 2019 жылғы жұмыссыздық көрсеткіші жастар арасында 2,1 пайыз деңгейінде болыпты.

- Жыл басынан бері 2958 жас жұмыс іздеп жолықса, соның 2291-і мемлекеттік қолдауға ие болды. 934 жас тұрақты жұмысқа тұрды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» бойынша 551 жас маман әр түрлі мекемелерге жолданды. Сөйтіп оның 147-сі тұрақты жұмысқа қабылданды, - дейді Б.Сахиев.

«Жастар жылы» аясында биыл Оралда кәсіпкерлікті дамыту бағытында көптеген игі іс жасалған. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 130 млн теңге қаржы бөлініп, қайтарымсыз 50 грант иесін тапты. Бұған қоса осы бағдарлама шеңберінде жастарды қолдау мақсатында облыс бойынша өтеусіз мемлекеттік грант үшін қосымша 45 млн теңге бөлінген.

Тың идеяларымен көзге түскен жастарға арналған бірегей бағдарламаның бірі – «Zhas Project» жобасы. Бүкіл елімізде кең қанат жайған осы бағдарлама бойынша оралдық 54 жоба жеңімпаз атанып, қатысушыларға 1 000 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы берілген.